Шорт-трекші Богдан Вехов: Мүлде күтпеген жерден әлем рекордын жаңарттым

Шорт-трекші Богдан Вехов: Мүлде күтпеген жерден әлем рекордын жаңарттым
Фото: @capturedvision_nj

Шорт-тректің жас жұлдызы, елордалық Богдан Веховтың әлем чемпионатындағы рекордын жаңартуына не әсер етті, оның тұрақтылығының сыры неде? Спортшы Elordainfo.kz.тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

- 29 қаңтар – 1 ақпан күндері аралығында шорт-тректен Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында рекорд жаңартып көпшіліктің назарын аударттыңыз. Өзіңіз қандай әсер алдыңыз?

- 1 000 метр қашықтықта әлемдік рекорд мүлде күтпеген жерден болды. Ширек финалға шығу үшін өткен жүгірісте Қазақстанның тағы бір спортшысы Тамирлан Жолдасовпен бірге түсіп қалдық. Ол сол сәтте әлем рекордын жаңарту жайлы идеясын айтты. Тамирлан бастапқы 4 айналымда алға шықты. Одан кейінгі 5 айналымда менің бірінші орынға емін-еркін шығуыма көмектесті. Нәтижесінде 3 секундтық басымдықпен мәреге бірінші болып жеттім. Қателеспесем, бұған дейінгі рекорд Оңтүстік Корея өкілі Джу Джехиға (2024 жылғы әлем чемпионатындағы көрсеткіші – 1:22.352) тиесілі еді.

- Сіз Астанадағы әлем Кубогы кезеңінде топ жардыңыз. Енді әлем чемпионатының 1 000 метр қашықтығында қола жүлдені еншіледіңіз. Финалдағы қарсыластарыңызға қарасақ, жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы Син Шуай (АҚШ) мен Хинже Жанг (Қытай) сынды фавориттер жүлдеден тыс қалыпты. Сіздің тұрақтылығыңыздың сыры неде?

- Қандай жетістіктерге жетсем де, жаттығуды қалдырмай, тәртіппен жүруге тырысамын. Оның үстіне жасөспірімдер санатында болсақ та, ұлттық құрамамен бірге тұрақты түрде жаттығамыз. Өзіңіз білетіндей, Қазақстан құрамасын дайындауға шетелдік білікті мамандар (Вилма Бумстра (Нидерланд) мен Емил Трифонов (Болгария)) тартылған. Олар да бізге ақыл-кеңесін аямайды.

- Осы спорт түрін қалай таңдадыңыз? Бұған дейін шайбалы хоккеймен де айналысқан екенсіз. Ол спорттың да пайдасы тиген болар?

- Шайбалы хоккей менің конькиді меңгеру деңгейімді арттырып, мұзды жақсырақ сезінуіме әсер етті. Бірде шорт-трекшілерді көріп қалып, олардың жаттығулары маған ұнап қалды. Содан кейін шорт-тректе бағымды сынауды ұйғардым.

- Сіз қазір 17 жастасыз. Өкінішке қарай, Милан Олимпиадасының жолдамасына таласуға бір жылдай жетпей қалды. Енді осы жылдан бастап ересектер сапына ауысасыз. Қорқыныш сезімі бар ма?

- Әзірше ешқандай қобалжу жоқ. Қорқуға да себеп бар деп айта алмаймын. Спортта ең бастысы – барыңды салып жаттықсаң, түбі бір нәтижеге жетесің. Олимпиада чемпионы болу көпшілікке арман ғой. Бірақ мен үшін кезекті мақсатымның бірі болмақ. Бұйырса, 2029 жылы Францияның Алпісінде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындаламын.

- Жасөспірімдер санатында әлемде ең мықты спортшылардың бірі ретінде танылып үлгердіңіз. Шетелдік спорт жұлдыздарымен де араласатын шығарсыз?

- Жарыс барысында сәлеміміз түзу. Бірақ тұрақты түрде араласамын деп айта алмаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!