Әділхан Түкенов: Басты мақсатымыз – тазы тұқымын көбейту және асылдандыру
Қазақ құмай тазыны әу бастан дәріптеп, жеті қазынаның біріне балаған. Бүгінде ұлттық құндылығымыз болып есептелетін ақылды да жүйрік жануардың асыл тұқымын сақтап қалу мәселесі өткір тұр. Осыған орай ерекше қасиетке ие байырғы ұлттық ит тұқымы мемлекет қорғауына алынып, оны сақтау мен өсімін молайту бойынша арнайы заң қабылданған болатын. Міне, осындай мақсат пен мүддені ұстанған ұйымдардың бірі - Nomad ұлттық аңшылық клубы. Осы клубтың мүшесі Әділхан Түкенов Elordainfo.kz тілшісіне тазыны асылдандыру бойынша қандай жұмыстар істеліп жатқанын айтып берді.
-Әділхан Жеңісұлы, алдымен, Nomad клубының құрылу тарихы мен мақсатын айтып берсеңіз...
Клубымыз әу бастан Тазы коғамдық бірлестігі ретінде құрылған. Кейін атауы Nomad ұлттық аңшылық клубы болып өзгертілді. Тазы тұқымын көбейту, экстерьерлік және интерьерлік, яғни ішкі-сыртқы қасиеттерін ұштау сияқты негізгі мақсаттарға да аздаған өзгерістер енді. Бұған жалпы ұлттық ит тұқымдарын көбейту және асылдандыру, дәстүрлі аңшылықты дамыту мен нәсихаттау мәселелері қосылды.
Бүгінде ұйымға Болат Құнанбаев басшылық етеді. Клубтың бір бөлігі Астана қаласы «Арғымақ» ат-спорт кешенінде болса, екінші бөлігі Жаңа Есіл ауылында орналасқан. Клуб мүшелігінде 21 тазықұмар, өз ісіне берілген әуесқой азаматтарымыз бар. Олар әрбір салада еңбек ететін жандар болса да, бәрін біріктіретін ортақ нәрсе бар, ол - тазыға деген, дәстүрлі аңшылыққа, жалпы, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік. Клуб құрамында, сондай-ақ, мал дәрігері, кинолог және иттерді тамақтандыратын, тазалыққа жауапты адамдар жұмыс істейді.
-Құмай тазы туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Бірінде ақылды жануардың иесіне адамнан бетер адалдығы жазылса, бірінде ашаршылық жылдарда бір тазы бүтін ауылды ажалдың аузынан алып қалғаны туралы айтылады. Сіз өзіңіз тазының қандай қасиеттерін байқадыңыз?
Жалпы, тазы туралы атқанда, «ит» деген сөзді қолданбаған дұрыс. Егер біреудің тазысы атына сай болмай тұрған жағдайда ғана «мынаның қай жері тазы, ит болып кетіпті ғой» деп жатады. Тазының қасиеттілігіне байланысты болар, біздің қазақы дүниетанымымызда бұл– қалыптасқан заң.
Тазы тұқымын кез келген салада қолдануға болады. Егер жалпы иттерге «интеллект» деген ұғымды қолданар болсақ, тазыны өте ақылды жануар деуге келеді. Оның үстіне аса қырағы, иісшіл болуымен қатар, ұшқыр жүйрік. Тазы - күзетте, із кесуде, іздеуде, тіпті канистерапияда таптырмайтын қолғанат, сенімді серік. Демек, айрықша қасиеттерінің арқасында кез келген салада пайдасын тигізетін ит тұқымы. Тазы тұқымын көп жерде бағады, мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Түркменстанда. Соңғы 2 мемлекетте тазы аборигендік ит тұқымы болып есептеледі.
-Клубтың негізгі мақсаттарының бірі тазыны өсіру екенін айттыңыз. Қазіргі кезде құмай тазы тұқымының азайып кету қаупі сейілді ме?
Қазіргі таңда, тазының жалпы саны көбейді, жоғалып кетуіне қауіп жоқ деп айтар едім. Мәселен, өз клубымыздың мақсатына орай тазының санын көбейтіп, сапасын көтеру үшін 2010 жылдан бері 100-ден аса күшікті жан-жаққа тараттық. Тазыға қызығушылық танытатын адамнан бір тиын алмай тегін береміз. Дегенмен күшіктердің әрі қарай қалай бағып-күтілетінін бақылап отырамыз.
Жалпы, тазыны бағудың итті бағудан аса айырмашылығы жоқ.
Күшіктердің 2 айлығында енесінен бөліп алғаннан кейін тәулігіне 5-6 реттен тамақтандырамыз. Көбінесе, сүтке піскен ботқаны береміз. Бұған көкөністер қосамыз. Яғни, пайдалы азықпен қоректендіреміз. 4-5 айлығында өзінің арнайы тамағын сатып аламыз. Ал 5-6 айдан кейін азығына ет қоса бастаймыз.
-Ал тазының асыл тұқымын сақтап қалуда қандай амал-тәсілдерді қолданып отырсыздар?
Тазыны асылдандыру жолында экстерье́рі мен интерьеріне көңіл бөлеміз. Жалпы дене бітімі мен ішкі саулығына назар аударамыз. Мәселен, өкпе-бауырдағы созылмалы аурулардың алдын алуға тырысамыз. Сондықтан біздің клубтан шыққан тазылар әрқашан 100 пайызға сау болып, сонша пайызға нәтиже көрсетеді.
Ал бағуына келетін болсақ, тазылар «спортшы» болғандықтан, күшіктерді 6-7 айдан бастап аңшылыққа баулимыз. Жалпақ тілмен айтқанда, аттың тізесіне төселтеміз, атқа ертеміз. Осы мақсатпен ұлттық аңшылыққа бейімделген жылқылар сатып алынып, ат қоралар салынды. Клуб қатысушылары ұлттық, дәстүрлі аңшылыққа үлкен көңіл бөліп отырған жайы бар. Біз, жоғарыда айтып кеткенімдей, аңшылыққа арналған атпен, міндетті арнайы белгіленген уақытта шығамыз. Бірақ түнде көлік мініп, жарықты пайдаланып, броконьерлік жасау деген атымен жоқ. Дәстүрлі аңшылық түрімен ғана айналысамыз. Аңшылыққа шығу биылғы жоспарымызда да бар.
Қазір клубтың өзінде 24 тазымыз бар. Оның ішінде 3 асыл тұқымды арлан (еркегі), қалғандары өлекшіндер (ұрғашысы). Оларды басқалардың ішінен іріктеп, сұрыптап бағып отырмыз. Бұлар - бүкіл квалификациялық талаптарға сай тазылар.
- Сұхбатыңызға рақмет!