Астанада есірткіге қарсы айлық аясында спартакиада өтті

Бүгін, 17:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада есірткіге қарсы айлық аясында спартакиада өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл айлығы аясында пробациялық бақылауда тұрған азаматтар арасында спорттық спартакиада өтті. Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Қылмыстық-атқару жүйесінің департаментімен, «Құқық» қоғамдық қоры және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – қылмыстың қайталануының алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ есірткі және өзге де тәуелділіктердің алдын алу.

Іс-шараға «Жасыл желкен» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлзат Каналханқызы, адвокат Әлібек Секеров, сондай-ақ есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі республикалық және қалалық кеңестің мүшелері Баян Ахатай, Мирзада Сейітқали, Нұрсұлтан Әліпқапаров, Ербол Жантықов және Айрат Жеңіс қатысты.

Жарыс бағдарламасына футбол, шахмат және дойбы турнирлері енгізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар пробациялық бақылаудағы тұлғалардың қоғамға бейімделуіне, тәртіпті нығайтуға, командалық өзара ауызбіршілікті дамытуға және оң бағдар қалыптастыруға ықпал етеді.

Спартакиада барысында қатысушылар мен қоғам қайраткерлері толыққанды өмірге қайта оралып, қоғамда өз орнын табуға ұмтылған адамдарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән беріліп, оның тұлғалық дамудың және әлеуметтік интеграцияның маңызды құралы екені айтылды.