«Қазсушар» тариф қаражаты есебінен шамамен 113 шақырым каналды бетондады
Соңғы екі жарым жыл ішінде «Қазсушар» РМК 112,7 шақырым суару каналын бетондады. Бұл жұмыстар кәсіпорынның каналдар арқылы су жеткізу қызметінен түскен тариф қаражаты есебінен жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 2024 жылы 62,1 шақырым канал бетондалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 50,6 шақырымды құрады. Биыл тариф қаражаты есебінен Жамбыл облысында бұған дейін реконструкциядан өткен 500 шақырымнан астам суару желісін автоматтандыру жобасы іске асырылып жатыр.
«Каналдарды бетондау суару суын тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтуға, сондай-ақ тұтынушыларға су жеткізудің тиімділігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін аса маңызды», - деді «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев.