Астанада қайта жаңартылған гүлзар ел игілігіне берілді

Астанада қайта жаңартылған гүлзар ел игілігіне берілді
Фото: «Алматы» ауданы әкімдігі

Халықаралық балалар күні қарсаңында Астанадағы «Теміржолшылар» тұрғын алабындағы гүлзар қайта жаңартудан өтіп, салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Заманауи талаптарға сай абаттандырылған қоғамдық кеңістіктің ашылу рәсімі мерекелік көңіл-күйде өтті.

Ашылу салтанаты аясында балаларға тәттілер мен түрлі сыйлықтар таратылып, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Балғындар көтеріңкі көңіл-күймен уақыт өткізіп, жаңартылған демалыс орнының алғашқы қонақтарының бірі болды.

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек мұндай қоғамдық кеңістіктердің тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл жай ғана демалыс аймағы емес, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды қоғамдық кеңістік. Балалар қауіпсіз ортада еркін ойнап, ардагерлер тынығып, серуендей алады.

Осындай қолайлы орындардың көбеюі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, тұрғын алаптың көркеюіне оң әсер етеді.

Жаңа гүлзар тұрғындарға қуаныш сыйлап, әрдайым жасыл желекке бөлене берсін», – деді ол.

Қайта жаңарту жұмыстары барысында гүлзар аумағы толықтай жаңғыртылып, инфрақұрылым жүйесі ретке келтірілді. Тұрғындардың жайлы демалысына қажетті барлық жағдай жасалды.

Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, жаңа орындықтар, жарық шамдары мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар футбол алаңы мен автотұрақ қарастырылды.

Аумақты көгалдандыру жұмыстары аясында түрлі ағаштар мен гүлдер отырғызылып, демалыс аймағының көркі одан әрі артты.

Жаңартылған гүлзар тұрғындардың серуендеуіне, балалардың қауіпсіз ойнауына және отбасылық демалыс ұйымдастыруына қолайлы орынға айналды.

Тұрғындар да жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуына ризашылықтарын білдірді. Елді мекен тұрғыны Вероника Ким гүлзардың тұрғындар үшін үлкен сый болғанын айтты.

«Жаңа гүлзардың ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда балалардың алаңсыз ойнап, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік жасалған. Заманауи ойын алаңдары мен спорттық құрылғылар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап отыр.

Біз үшін жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруға көңіл бөліп, осындай гүлзарды пайдалануға берген әкімдікке шынайы алғысымызды білдіреміз.

Бұл орын тұрғындардың сүйікті демалыс мекеніне айналады деп сенемін», – деді Вероника Ким.

Жаңартылған гүлзар тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалардың қауіпсіз демалуына және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды нысандардың біріне айналмақ.