«Таза Қазақстан»: елордада құрылыс нысандары тексерілді

«Таза Қазақстан»: елордада құрылыс нысандары тексерілді
Фото: Сара Қамзаева

Астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында құрылыс нысандары бойынша рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Рейдті Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Полиция департаменті және аудандық әкімдіктермен бірлесіп ұйымдастырды.

Басты мақсат — қалалық ортада тәртіп орнату, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу және барлық ұйымдардың ҚР Экологиялық кодексі талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.

Тексеру барысында бірқатар құрылыс нысандары, оның ішінде салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің аумағы қаралып, кейбірінде заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары кезінде бетон қалдықтарын тыйым салынған орынға төгу, құрылыс көліктерінің доңғалақтарын жуатын құрал-жабдықтың болмауы, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау фактілері тіркелді. Құрылыс нысандарының жауапты қызметкерлеріне айыппұл салынды.

«Сондай-ақ кей компанияларда құрылыс қалдықтарын шығару бойынша келісімшарттың жоқ екені белгілі болды. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес мәселені шешу үшін уақыт беріледі», - деп атап өтті Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының өкілі.

Қабылданған шаралар заңсыз қоқыс үйінділерін азайтуға, бизнестің экологиялық мәдениетін арттыруға және жайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Қала әкімдігі құрылыс компанияларын, тасымалдаушыларды және барлық заңды тұлғаларды қалдықтарды басқару ережелерін қатаң сақтауға, ал тұрғындарды заңсыз қоқыс тастау деректері туралы белсенді хабарлауға шақырады.

Сара Қамзаева