JOLTAP аясындағы курстар жұмыс сапасын арттыруға көмектесті – елордалық кәсіпкер


Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының екі қолға бір күрек тауып, қаржылық жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр. Нәтижесінде жоба қатысушылары жұмысқа орналасып, тіпті өз кәсібін бастап жатқандар да бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елорда тұрғыны, әрі үш баланың анасы Рина Арыстаналиева бүгінде қалада өзінің тігін шеберханасын ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Ол JOLTAP жобасы аясында екі бірдей курсты сәтті аяқтаған.
«Мен жоба туралы әлеуметтік желіден көріп қалдым. Маған жобаға тек жастар ғана емес, 50 жасқа дейінгі адамдардың қатыса алатыны бірден ұнады. Содан ол туралы толығырақ біліп, «Kaspi-дегі сауда негіздері» курсына жазылдым. Онда өнімдерді онлайн сатуды үйреніп, жалпы платформамен жұмыс істеуді меңгердім», - дейді ол.
Рина Арыстаналиева 2024 жылдың қазан айында өзінің Rina атты тігін шеберханасын ашқан. Ол ательедегі жұмыстың сапасын арттыру үшін жоба бойынша «Модельер-конструктор» курсына жазылған.
«Жоба бірнеше курсты таңдауға мүмкіндік берді. Онлайн сауда негіздерін меңгерген соң, киім пішу мен модельдеу туралы толығырақ білуді қаладым. Содан «Модельер-конструктор» курсына қатыстым. Онда біз 15 күн бойы түрлі киім үлгілерін пішіп, қиып, тіпті, нақты тапсырыстармен жұмыс істедік. Осылайша өзімнің кәсіби шеберлігімді арттырдым. Ателье ашу менің бала күннен бергі арманым еді, қазір өзімнің сүйікті ісімді кәсіпке айналдырдым. Жоба аясында өткен курстар жұмыс сапасын арттыруға көмектесті», - дейді ол.
Елордалық кәсіпкер алдағы уақытта жоба аясында тағы бір курсты оқуды жоспарлап отыр.
«Осы уақытқа дейінгі оқыған курстарда сабақтар өте мазмұнды болды. Жаңадан меңгерген әдістерді бірден өз ісімде пайдалана бастадым. Жақында «Тігінші» курсына жазылдым. Осылайша бүкіл өндірістік процесті жақсы түсініп, командамен жұмысты оңтайландырғым келеді. Жалпы бұл жоба маған қатты ұнады. Ол маған тек жаңа білім ғана емес, шығармашылық шабытымды арттырды. Кәсіпкерлікте әрқашан даму және тәжірибе алмасу маңызды. Сондықтан да алдағы уақытта да мүмкіндік болса, білімімді арттыра беремін деп ойлаймын», - дейді Рина Арыстаналиева.
Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады.