00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада атом саласының мамандары даярланып жатыр

20 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада атом саласының мамандары даярланып жатыр
Фото: Еуразия ұлттық университетінен

Elordainfo.kz тілшісі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» халықаралық кафедрасының меңгерушісі, ядро физика ғылымының PhD докторы Қасым Жұмаділовпен атом энергетика саласына мамандар дайындау туралы әңгіме өрбітті.

Жаһандық жылыну салдарынан соңғы жүз жылда температура шамамен 1ºС-қа артты. Бұған өнеркәсіп санының артуы, ормандарды кесу, ауаға газдардың көптеп бөлінуі себеп болуда. Парниктік газдар – көмірқышқыл газы, метан, азот тотығы, озонның ауаны ластап ғана қоймай, өсімдіктер мен жануарлардың көбеюіне кері әсері көп. Ғалымдар ауа температурасы 2 градусқа көтерілсе, бұл апатты жағдайға әкеледі деп есептейді. 2015 жылғы 12 желтоқсанда климаттың өзгеруімен және оның жағымсыз салдарын азайту мақсатында Париж келісімі қабылданды. Бүгінде халықаралық келісімге 189 ел қосылды, оның ішінде Қазақстан да бар. Енді 2060 жылға дейін халықаралық міндеттемені орындау керек.

Атом электр станциялары электр энергиясын ең аз парниктік газдар шығарындысымен өндіреді, бұл көмір және газ станциясымен салыстырғанда климаттық әсерді азайтуға көмектеседі. Атомдық реакторлар аз мөлшерде отыннан орасан зор энергия өндіруге қабілетті. Бұл энергияның айтарлықтай көлемін өндіру үшін басқа көздермен салыстырғанда әлдеқайда аз отын қажет етеді. Мәселен, салмағы 3 грамм болатын уран бір тонна көмір немесе 480 литр мұнайдың энергиясын береді.

Баламалы энергия көзі – күн, жел электр станциясынан айырмашылығы, ядролық реактор ауа райы жағдайына немесе тәулік уақытына қарамастан үздіксіз жұмыс істейді. Атом электр станциясы ұзақ уақыт жұмыс істей алады және тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Қазір Қытайда – 26, Үндістанда – 7, Ресейде – 4, Оңтүстік Кореяда, Жапония және Ұлыбританияда – 2, Франция, Бразилия, Аргентина, Иран, Словакияда 1 раектор салынып жатыр. Сондай-ақ Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы, Бангладеш, Тайланд және Мексика атом бағдарламасын дамытып, бірнеше жылда АЭС-ті іске қосады. Көрші Өзбекстан атом энергетикасының игілігін көруге ниетті. Қазақстан билігі де халықаралық міндеттемені орындау үшін, бастысы, электр энергиясының тапшылығының алдын алу мақсатында АЭС салуды қарастырып отыр. Дегенмен ел арасында атом саласының мамандары жетіспейді деген пікір бар. Сондықтан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне арнайы барып, кадр дайындау ісімен таныстық.

2009 жылы сәуір айында Ресей Федерациясының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты және Алматы қаласындағы Ядролық физика институтымен бірлесе отырып кафедра құрылды. Бүгінде атом энергетика саласының мамандарын дайындап келеді.

– Студенттердің теориялық білімін жетілдіру мақсатында интерактивті дәрістер мен семинарлар өткізіліп, шәкірттер тақырыпты талқылап, талдауға қатысады. Студенттер зертханалық жұмыстар мен семинарлар арқылы практикалық білімін жетілдіреді. Дәріс оқуға Жапония, Египет және Ресейден шетелдік сарапшылар шақырылады. Студенттердің практикалық дағдысын жетілдіру үшін өндірістегі тағылымдама мен өндірістік практикаға қатысады. Кафедра студенттері Ядролық физика институтында, Ядролық технологиялар саябағында, Ұлттық ядролық орталықта, Атом энергиясы комитетінде және тағы басқасының базасына барып, танысады, – деді ғалым Қасым Жұмаділов.

Физика-техника факультетінде 1 781 студент білім алады. Оның 1 400-ден астамы – бакалавр, 292-сі – магистр, 74-і докторантура бағытында оқиды. Ал ядролық физика мамандығы бойынша 280 бакалавр, 10 магистрант және 25 докторант білімін шыңдауда. Олардың арасында Дубна университетінде білімін жалғастырып, қос дипломды маман атанатын белсенді жастар да бар. Себебі екі жоғары мектеп арасында келісім бар. Онда студенттер заманауи физика мен техниканың өзекті мәселелері бойынша ғылыми мектептер шеңберіндегі зерттеулерге қатысады.

– 2013 жылдан бері қос диплом бағдарламасы бар. Жыл сайын кем дегенде 5 студент-магистрантымыз Дубна университетінде білім алып, біліктілігін арттырады. Олар 2 семестрін сонда, қалған 2 семестрді біздің жоғары оқу орнында оқиды, – дейді кафедра меңгеруші Қасым Жұмаділов.

Физика, математика және инженерия ғылымдарының PhD докторы, кафедраның аға оқытушысы Бақытжан Оразбеков студенттердің ядролық физикаға қызығушылығы жоғары екенін атады.

– Ядролық реакцияларды модельдеумен айналысамын. Біз, мысалы, ядролық реакторларда болатын процестерді терең зерттейміз. Зерттеу жұмыстарына студенттер белсенді араласуға ниет білдіріп жүреді. Берілген тапсырманы орындап, зерттеп жүретін студенттер саны аз емес. Қазір ақпараттық заман. Ашық дерек көздерінде атом энергетикасы туралы ақпарат жеткілікті. Сондықтан жастар АЭС-ке қатысты ақпараттан құлағдар, әрі пайдасы мен зиянын жақсы біледі, – дейді жас ғалым.

Қысқасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ядролық физика саласына қажетті білімді, білікті, белсенді мамандарды дайындауда.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ