Қазақстан құрамасының 8 боксшысы Азия чемпионатының финалында алтын жүлде үшін күреседі

Бүгін, 11:09
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстан құрамасының 8 боксшысы Азия чемпионатының финалында алтын жүлде үшін күреседі
Сурет: Қазақстан ҰОК, ҚБФ

7 сәуірде Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионатының жартылай финалдық кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасы финалға шыққан боксшылар саны бойынша көшбасшылар қатарынан көрінді. Бірден сегіз спортшымыз алтын медаль үшін жұдырықтасады. Бұл туралы Olympic.kz толығырақ материал жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кезекті жарыс күнінде алғаш болып шаршы алаңға 48 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Сәттібаева шықты. Тәжірибелі боксшы моңғолиялық Номундари Энх-Амгаланға қарсы қиын жекпе-жек өткізді. Әйгерімнің финалға шығуға мүмкіндігі болды. Алайда жартылай финалда сәл ғана сәттілік жетіспеді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Осылайша Сәттібаева сары құрлық біріншілігін қола жүлдемен аяқтады.

75 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Аққалықов қарсыласына нағыз шеберлік сабағын көрсетті. Моңғолиялық Далай Ганзориг жекпе-жектің алғашқы сәттерінен-ақ абдырап қалды. Сабыржан әртүрлі бағытта шабуыл жасап, дәл әрі сериялық соққыларымен көзге түсті. Бірінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Ганзориг оның айла-тәсілдеріне төтеп бере алмай, тек қорғанумен шектелді. Екінші раундта тағы да нокдаунға түсіп, төреші жекпе-жекті тоқтатты.

85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай да қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Ол моңғолиялық Бариахаан Доржды айқын басымдықпен жеңді. Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері үш раунд бойы айқын басымдыққа ие болды. Жекпе-жек барысында қарсыласын бір рет нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Одан кейін финалға Айбек Оралбай шықты. 90 келіден жоғары салмақта Қазақстан құрамасының капитаны түрікменстандық Довлет Исламовпен қолғап түйістірді. Қарсыласы Айбекке айтарлықтай қысым көрсете алмады. Боксшымыз әр раундты сенімді түрде өз пайдасына аяқтап отырды. Нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен финалға жолдама алды.

60 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов та жартылай финалда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оның қарсыласы - өзбекстандық Абдурахмон Махмуджонов. Асылқұлов жекпе-жек бойы жоғары қарқынмен жұмыс істеді. Қарсыласының бұл қарқынға ілесе алмайтыны анық байқалды. Дегенмен ол да нәтижелі соққыларын дарыта білді. Бірақ тәжірибенің аздығы анық байқалды. Оразбек екінші раундтан-ақ айқын басымдыққа ие болды. Қалған уақытта тәртіп бұзбай, нокаутқа түсіп қалмауды ғана көздеп, кездесуді сенімді түрде аяқтап, финалға жолдама алды.

90 келіге дейінгі салмақта Сағындық Тоғамбай өзбекстандық Халимжон Мамасолиевке қарсы жекпе-жекті жақсы бастады. Алғашқы раундта басым болды. Алайда кейін физикалық тұрғыдан бәсеңдеп, бұрынғы қарқынын сақтай алмады. Осы сәтті пайдаланған Мамасолиев басымдықты өз қолына алып, жеңісті суырып алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының сегіз боксшысы Азия чемпионатының финалына шықты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің команда Үндістан құрамасымен (8 боксшы) бірге көш бастап тұр. Әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектер 9 сәуірде, ал ерлер финалы 10 сәуірде өтеді. Төменде қазақстандықтардың финалдағы қарсыластары көрсетілген.

Әйелдер:

70 келіге дейін: Бақыт Сейдіш – Арундхати Чаудхари (Үндістан)

80 келіге дейін: Надежда Рябец – Рухшона Парпиева (Өзбекстан)

80 келіден жоғары: Дина Исламбекова – Алфия Патхан (Үндістан)

Ерлер:

60 келіге дейін: Оразбек Асылқұлов – Сачин (Үндістан)

70 келіге дейін: Төрехан Сабырхан – Зеяд Ишаиш (Иордания)

75 келіге дейін: Сабыржан Аққалықов – Жавохир Абдурахимов (Өзбекстан)

85 келіге дейін: Нұрбек Оралбай – Жасурбек Юлдошев (Өзбекстан)

90 келіден жоғары: Айбек Оралбай – Байикевузи Данабике (Қытай)

Айта кетейік, сары құрлық біріншілігінде Әйгерім Сәттібаева (48 келіге дейін), Валентина Хальзова (75 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келігетдейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.