Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін дербес заң пайда болады – Мәжіліс
Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, саладағы құқықтық базаны қалыптастыруға және психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасы аясында саладағы негізгі ұғымдар айқындалады. Атап айтқанда, «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «психологиялық көмектің сапасы», «кәсіби құпиялылық» сияқты түсініктер енгізіледі. Бұл ретте құжаттың қолданыс аясы медициналық қызметке таралмайтыны нақты көрсетілген.
Заң жобасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсарту. Сондай-ақ заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік және зиян келтіруге жол бермеу қағидаттары белгіленген.
Мемлекеттік реттеу мәселелеріне жеке бөлім арналған. Заң жобасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің психологтардың біліктілігін тану және мемлекеттік тізілімді жүргізу жөніндегі өкілеттіктерін айқындайды. Құжатты талқылау барысында депутаттар аталған тізілімді электрондық форматта жүргізу тәртібін нақтылап, тіркелуге жататын психологтар санаттарын белгіледі. Сонымен қатар мәліметтердің ашықтығы және оларды уәкілетті органның интернет ресурсында орналастыру көзделген.