Мемлекеттік қызметке кадрлар цифрлық форматта іріктеледі

Мемлекеттік қызметке кадрлар цифрлық форматта іріктеледі
Фото: freepik.com

Мәжіліс екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңды жаңа редакцияда, ілеспе түзетулермен қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Құжаттар Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

«Заңның негізгі міндетінің бірі – қызмет көрсету және клиентке бағдарлану қағидатына негізделген мемлекеттік қызмет моделіне көшу. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптар айқындалды. Олардың ішінде патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел және құқық бұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік қамтылады», делінген хабарламада.

Бұдан басқа, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру көзделеді. Ол үшін мемлекеттік қызметке түсуге дайындық институты енгізіледі. HR процестерді цифрландыру үшін үміткерлерді толығымен цифрлық форматта «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы іріктеу жоспарланған.

Бұл ретте жаңарған заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, білікті кадрларды тартуға және ұстап қалуға бағытталған нормалар көзделген. Осылайша, үш жылда кемінде бір рет жалақыны индекстеу тетігі белгіленеді. Үстеме жұмыс уақытында, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін жағдай жасау және басқа да шаралар қарастырылған. Жұмыс уақытының режимі де реттеледі. Атап айтқанда, қалыпты жұмыс ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек, ал кей санаттағы қызметшілер үшін жұмыс уақыты қысқарады.

Еске сала кетсек, Қазақстандағы мемлекеттік билік тарихын қамтитын жаңа анықтамалық жарыққа шықты.