Қытай компаниясы Қазақстанда тау-кен саласына арналған ғылыми-зерттеу институтын ашады
Алматыда өтіп жатқан «Алматы – Шанхай» бизнес форумы аясында Beijing Fuxing Yihua Technology Co., Ltd. компаниясының инвестициялық жобасы таныстырылды. Бастама аясында қалада тау-кен өнеркәсібіне бағытталған ғылыми-зерттеу институтын ашу жоспарланып отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба минералдық шикізаттың құрамын талдауға, байыту сынақтарын жобалауға және металлургиялық үдерістерді әзірлеуге маманданбақ.

Бейжіңдегі Fuxing Yihua компаниясының вице-президенті, инвестор өкілінің айтуынша, Қазақстан тау-кен саласында айтарлықтай әлеуетке ие. Алайда бірқатар бағытта ғылыми-технологиялық сараптама тапшылығы сақталып отыр.
«Қазақстан – тау-кен өндірісі қарқынды дамыған ірі елдердің бірі. Минералдық шикізатты талдау, байыту сынақтарын жүргізу және металлургиялық үдерістерді әзірлеу бағыттарында әлі де сұраныс бар. Біз бұл нарықтың мүмкіндігін жоғары бағалаймыз», – деді компания өкілі.
Сондай-ақ инвестор Алматы әкімдігіне жобаны қолдағаны және оны жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, Алматыда екі қала арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға арналған «Алматы – Шанхай» бизнес форумы өтіп жатыр. Аталған алаң мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және сарапшылардың басын қосып, бірлескен жобалар мен жаңа әріптестік бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін үнді инвесторларының Маңғыстау жобаларына қызығушылық білдіргенін жазғанбыз.