Үнді инвесторлары Маңғыстау жобаларына қызығушылық білдірді

Үнді инвесторлары Маңғыстау жобаларына қызығушылық білдірді
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысы мен Үндістан арасындағы өзара іс-қимыл оң серпін алып, сауда-экономикалық байланыстар тұрақты дамып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Үндістан арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 4,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі уақытта өңірде үнді капиталының қатысуымен 19 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов пен Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесіп, тараптар көлік-логистика, өнеркәсіп, туризм, цифрлық технологиялар және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Асхат Оралов өңірдің әлеуетін таныстырып, оның елдегі маңызды көлік-логистикалық және инвестициялық тораптардың бірі ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтті.

«Маңғыстау облысы бүгінде Каспий маңындағы стратегиялық даму нүктесі ретінде қалыптасып, Қазақстандағы негізгі логистикалық және инвестициялық хабтардың біріне айналуда. Біз Үндістанмен жүйелі әрі ұзақ мерзімді әріптестікке ашықпыз және өнеркәсіп, логистика, туризм, жоғары технологиялық салалар және басқа да бағыттарда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Маңғыстау облысына инвестиция салуға деген дайындықтарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен бастамаларды табысты іске асыруға кең мүмкіндік береді», – деді Асхат Оралов.

Кездесуде туризм саласын дамытуға да ерекше мән берілді. Өңірдің бірегей табиғаты, киелі нысандары және Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі оның халықаралық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттыра түседі.

Үндістан Елшісі Сайлас Тангал Маңғыстау облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, үнді тарапының әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді.

Бұған дейін көмір саласына биыл 553 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланғанын жазған едік.