Паркинг пен жертөле қабаты төтенше жағдайда халық паналайтын орынға айналдырылады
Қазақстанда халықты төтенше жағдай кезінде паналау орындарымен қамтамасыз ету қағидалары бекітілді. Жаңа стандарт жертөлелерді, жерасты паркингтерін және басқа да жер асты кеңістіктерін қамтиды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 қаңтардан бастап Қазақстанда төтенше жағдай кезінде пайдаланылатын паналау орындарына арналған жаңа стандарт күшіне енді. Құжат жертөле, паркинг және басқа да жер асты үй-жайларын халықты қорғау мақсатында бейімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды. Аталған стандартты Төтенше жағдайлар министрлігінің өтінімі негізінде ҚазСтандарт әзірленді.
Техникалық реттеу және метрология комитеті құжаттың төтенше жағдайға дайындық деңгейін арттыруға және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Әлемдік тәжірибеде халықты қорғау үшін жертөле, жертөле қабаты, жерасты өткелі мен метрополитен сияқты жер асты кеңістіктері кеңінен қолданылады. Қазақстанда да мұндай нысандар азаматтық қорғанысқа арналған қорғаныс құрылыстары ретінде бейімделуі мүмкін.
Жаңа стандарт паналау орындарына қойылатын бірыңғай талапты енгізеді. Құжат табиғи, техногендік және әскери сипаттағы төтенше жағдай кезінде халықты қорғау мақсатында ғимараттарды тексеру және оларды бейімдеу тәртібін айқындайды», делінген хабарламада.
Стандартта үй-жайлардың құрылымы, жоспарлануына, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптар белгіленген. Олардың қатарына желдету, сумен жабдықтау, электрмен қамту, санитариялық жағдайлар және байланыс жүйесі кіреді.
Қажет болған жағдайда конструкцияны күшейту және үй-жайды қайта бейімдеу шаралары көзделген.
Еске сала кетсек, еліміздегі барлық орман шаруашылығындағы өртті ерте анықтау жүйесі тексеріледі.