9 марафондық қашықтық: Қазақстанда 377 шақырым жылу желісі жаңартылады
Қазақстанда жылыту маусымы аяқталуға жақын, оның орнын ауқымды жөндеу науқаны басады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетиктер тозған коммуникацияларды жаңартуға кірісетін болады. Энергетика министрлігі үшін жылу желілерін ауқымды жаңғырту – тозу деңгейін төмендетуге және жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған басым бағыт болмақ.
Бүгінгі таңда республика бойынша жылумен жабдықтау желісінің жалпы ұзындығы 13,4 мың шақырым.
Былтыр жылу желілерінің 323 шақырымында реконструкциялау және күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл тозудың орташа деңгейін 52%-дан 50%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ халықты жылумен қамтамасыз ету сенімділігін ұлғайтты.
Биыл 377 шақырым жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу және жаңғырту жоспарланған. Негізгі назар желінің тозу деңгейі жоғары өңірлерге – ШҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және СҚО-ға аударылады.
Соның ішінде, Энергетика саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл 130 шақырым жылу желісін жаңарту көзделген. Тұтастай алғанда, бұл кешенді жұмыстар жылу желілері тозуының орташа деңгейін 48%-ға дейін төмендетуге жағдай жасайды.
«Жалпы, 2029 жылға дейін ұлттық жоба аясында еліміз бойынша 1,6 мың шақырым жылу желісін жаңарту қарастырылған, бұл тозу деңгейін 42%-ға дейін азайтпақ», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жылу инфрақұрылымының жай-күйі мен жаңғыртылуына тұрақты бақылау жүргізеді. Биыл бірінші тоқсанда ведомство әкімдіктермен бірлесіп, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы ұйымдардың 2026 жылға арналған жөндеу бағдарламасына ревизия жүргізді.