ТМД-да алғаш рет: Фишинг хабарлама таратқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп жалған хабарлама жіберетін SMS бластерді пайдаланып, азаматтардың құпия ақпараты мен банк қаражатына қол жеткізген қылмыстық топ мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шарасын Бас прокуратура үйлестірген және оған TELE2 байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандары қатысқан. Агенттіктің мәлімдеуінше, азаматтардың құпия деректері мен қаржысын ұрлау мақсатында фишингтік хабарламаларды жаппай таратумен айналысқан қылмыстық топтың ұсталуы ТМД елдері аумағында алғаш рет тіркелді.
«Қаскөйлер ұялы байланыс операторының базалық станциясының жұмысын имитациялайтын арнайы құрылғы — SMS бластерді пайдаланған. Құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, телефондардың автоматты түрде соған қосылып, қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған. Нәтижесінде абоненттердің телефонына жалған SMS хабарлама келген. Байланыс операторының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама таратуға мүмкіндік берген», деп түсіндіреді агенттік алаяқтар әдісін.
Жасырын әрекет ету мақсатында жабдық көліккге орнатылып, негізінен адам көп шоғырланатын орындарда — базар және сауда-ойын-сауық орталығының маңында пайдаланылған.
«Хабарламалар Beeline және Halyk Bank компаниялары атынан жіберілгендей көрініп, жиналған бонустарды айырбастау ұсынылған. Сілтемеге өткен жағдайда пайдаланушы фишинг сайттарға түсіп, тауар таңдағаннан кейін жеке дерегін, соның ішінде нөмірін, аты-жөнін, банк картасының дерегін, CVV кодын, сондай-ақ SMS арқылы келген растау кодын енгізуге мәжбүр болған. Осылайша, қаскөйлер азаматтардың құпия ақпараты мен банк қаражатына қол жеткізген», делінген хабарламада.
Қылмыстық топ схеманы жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.