БҚО-да 251 млн теңге субсидия қаражаты ұрланған

Бүгін, 09:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
БҚО-да 251 млн теңге субсидия қаражаты ұрланған
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тергеу мәліметінше, күдікті өзінің бақылауындағы «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» ЖШС-лері арқылы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалды деген шығынды өтеу үшін уәкілетті органға инвестициялық субсидия алуға қажетті құжаттарды тапсырған.

Шығынды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған.

Осы құжаттардың негізінде күдіктінің бақылауындағы серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған. Кейін бұл ақша қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қаражаттың бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған.

Соттың рұқсатымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада инвестициялық жоба аясындағы 60 млн теңгенің заңсыз шығарылғаны анықталғаны туралы жаздық.