Қазақстанда қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау күшейтіледі
Мәжіліс депутаттар бастамашы болған еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түзетулер қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау кепілдіктерін күшейтуге және еңбек қатынасының жекелеген рәсімін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормалары бекітіледі. Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңімен немесе әлеуметтік демалыспен сәйкес келген жағдайда соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақты белгіленеді.
«Сонымен қатар жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгергені туралы қызметкерді жазбаша хабардар ету міндеті енгізіледі. Сондай-ақ құжат қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін реттейді. Бұл ретте материалдық жауапты тұлғалар үшін еңбек қатынастарының тоқтатылу күні, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкін (құжаттамасын) қабылдап-тапсыруды аяқтау шарттары айқындалады», делінген хабарламада.
Түзетулердің жеке блогы әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясымен, қызметкерлер мен жұмыс беруші өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау функциялары әкімдіктерге жүктеледі.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік салада біліктілікті тұрақты арттыру міндеті енгізіледі. Сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқығы бекітіледі.
«Құжатты қарау барысында депутаттар қосымша түзету ұсынды. Оған сәйкес, медициналық ұйымдар қызметкерлердің тіркелген жері бойынша оларды цифрлық технологиялар арқылы скрининг тексеруінен өту қажеттігі туралы хабардар етуге және осындай тексеруден өтуге жататын тұлғалар туралы мәліметті жұмыс берушілерге жолдауға міндеттеледі. Ал жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингтен өтуге жіберуді қамтамасыз етуге тиіс», делінген хабарламада.
ске сала кетсек, биыл еңбек инспекторлары жұмыскерлердің 253 млн теңге жалақысын өндіріп берді