Қазақстанда қанша музей жұмыс істейді

Бүгін, 08:34
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда қанша музей жұмыс істейді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда музей мәдениетіне қызығушылық артып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша ел музейлерін 822 791 адам тамашалаған. Мұндай көрсеткішке музей инфрақұрылымын дамыту, экспозицияларды жаңарту және көпшілікке, әсіресе жастар мен туристерге арналған заманауи форматтарды енгізу жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта республика бойынша 285 музей жұмыс істейді. Олардың қатарында 5 республикалық музей, 12 музей-қорық, 15 өңірлік тарихи-өлкетану, 71 мемориалдық және 16 көркемөнер музейі, сондай-ақ қалалық, аудандық және ауылдық музейлер бар.

Сонымен қатар көрме және ағартушылық бағыттағы жұмыстар да қарқын алуда. Жыл басынан бері 1 219 көрме ұйымдастырылып, жаңа экспозициялар мен тақырыптық залдар ашылды, 4 200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында дәрістер, экскурсиялар, білім беру бағдарламалары мен интерактивті жобалар бар», - делінген хабарламада.

Ірі көрме жобаларын жүзеге асыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылдың I тоқсанында республикалық және халықаралық деңгейде 28 маңызды жоба іске асырылды. Оның ішінде ел тарихы мен мәдениетінің негізгі кезеңдерін танытатын тақырыптық, мерейтойлық және көшпелі көрмелер өткізілді.

Қазақстан музейлері 26 халықаралық көрме, фестиваль және салалық форумдарға қатысып, шетелдік әріптестермен бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Бұл халықаралық байланыстарды кеңейтіп, жаңа келісімдерге жол ашты.

Бұған дейін Астанада 150-ден астам музей қызметкері сенбілікке қатысқанын жаздық.