Астанада 150-ден астам музей қызметкері сенбілікке қатысты

Бүгін, 15:42
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада 150-ден астам музей қызметкері сенбілікке қатысты
Фото: Бірлескен музейлер дирекциясы

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты мекемелердің қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілікке қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Экологиялық акция аясындағы іс-шараға дирекцияның 150-ден астам қызметкері жұмылдырылып, елорданың тазалығы мен абаттануына өз үлестерін қосты.

Атап айтқанда, «АЛЖИР» мемориалды кешені, Сәкен Сейфуллин және Өнер музейлерінің ұжымдары өз аумақтарында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды.

Сенбілік барысында ғимарат маңдары қоқыстан тазартылып, аумақтарды санитарлық тазалау, ретке келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлер мекеме аумағының тазалығы мен көркеюіне ерекше мән беріп, қоршаған ортаны күтіп ұстауға бағытталған ортақ іске белсенді атсалысты.

Музей ұжымдары қала мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастаманы қолдап, қоғамдық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Тазалық – сыртқы көрініс қана емес, ол қоғамның ішкі мәдениеті мен туған қалаға деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Осы ұстанымға берік болған музей қызметкерлері мұндай игі бастамаларды тұрақты дәстүрге айналдырып келеді.

Сәкен Сейфуллин музейінің қор сақтаушысы Қарлығаш Жұмаханованың айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, ұжымдық жауапкершілікті арттырады.

«Тазалық – әр адамның өзінен басталатын мәдениет. Осындай ортақ іске атсалысу арқылы біз тек музей аумағын ғана емес, қаламыздың келбетін жақсартуға да үлес қосамыз. Бұл – туған елге, туған қалаға деген құрметтің көрінісі», – деді ол.

Аталған шара «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсатына сай қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыруға және елорда тұрғындарын ортақ іске жұмылдыруға бағытталды.