Ресейден әкелінген ағаштан зиянкес дернәсілдері табылды

Бүгін, 14:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ресейден әкелінген ағаштан зиянкес дернәсілдері табылды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ақмола облысында жүргізілген карантиндік бақылау барысында қарағай ағашынан қауіпті зиянкес — қара мұртты қоңыздың дернәсілдері табылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

40 текше метр ағаш материал Ресейдің Қорған облысынан жеткізілген. Оны тексеру кезінде Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясы өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары өнімнің зақымданғанын анықтады.

Зертханалық сараптама нәтижесінде материалдарда зиянкес дернәсілдері бар екені расталды.

Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін карантиндік өнімді әкелген жеке кәсіпкерге әкімшілік хаттама рәсімделді.

«Қазіргі уақытта ел аумағына карантиндік зиянкестердің енуі мен таралуына жол бермеу, сондай-ақ өсімдік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.

Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауыты салынатын болды.