Ақтөбе әкімдігіндегі өрт: Асхат Шахаров әкімдік жұмысы қысқа мерзімде қалпына келтірілетінін мәлімдеді
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Facebook-тегі парақшасында төтенше жағдайға байланысты жазба жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Асхат Шахаров төтенше жағдайлар бойынша жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді. Жиында облыс әкімдігі ғимаратының шатырындағы өртке байланысты жағдай қаралды. Жиында белгілі болғандай, қазіргі уақытта әкімдік ғимараты электр желісінен толық ажыратылды, 600-ге жуық қызметкер қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылды.
«Әкімдік - жай ғана ғимарат емес, бұл өңірдің тұтастай басқару жүйесін жүзеге асыратын нысан. Мұнда әрбір тұрғынның өміріне әсер ететін маңызды шешімдер қабылданады. Бүгін біз төтенше жағдаймен бетпе-бет келдік, алайда ең бастысы - қызметкерлердің қауіпсіздігі біздің басты назарымызда. Барлық қызмет үйлесімді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз әкімдік жұмысының қысқа мерзімде қалпына келуін қамтамасыз етіп, жағдайды жою барысы туралы тұрғындарға толық ақпарат береміз», - деді жиында Асхат Шахаров.

Облыс әкімі әкімдік аумағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, салдары толық жойылғанға дейін өрт сөндіру және жедел қызметтердің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ өрттің шығу себебін анықтау үшін мамандарды тарта отырып жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі өңір халқына арнап жазба жариялап, мәлімдеме жасады.
«Ең бастысы - зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қауіпсіздік шаралары дер кезінде қабылданды, тиісті қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында жағдай тұрақталды. Сондай-ақ, жедел штабтың шұғыл отырысын өткіздім. Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және өзге де құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді»,- деген Асхат Шахаров жағдай өзінің жеке бақылауында екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, кеше түнде Ақтөбе қаласында Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан 6 қабатты әкімдік ғимаратының шатырынан өрт шықты. ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына 5 минут ішінде жетті. Алғашқы өрт сөндіруші бөлімшелер келген кезде үш ашық жану ошағы байқалды. Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер және шамамен 40 техника жұмылдырылды. ТЖМ күштері 300 шаршы аумақтағы өртті толық сөндірді.