Астана қаласы Қоғамдық кеңесі музейлерге мониторинг жасады


Астана қаласы Қоғамдық кеңесі «Таза Қазақстан» және «Қоғамдық эко-бақылау» жалпыұлттық республикалық акциясы аясында туристік және тарихи-мәдени объектілер аумағына мониторинг жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов бастаған кеңес мүшелері әуелі Сәкен Сейфуллин музейін аралап көріп, мәдени ошақтың бүгінгі жай-жапсарымен танысты.
Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов бүгінгі мониторингтің негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.
«Президентіміз мәдени ошақтардың туристік тартымдылығын арттыру, әлеуетін көтеруге мән беруді тапсырған болатын. Осыған байланысты жұмысымызды қазіргі Астана, бұрынғы Целинаградта 1988 жылы ашылған Сәкен Сейфуллин мұражайынан бастап отырмыз. Өйткені бұл сол кездегі қазақ жастарының жиналатын орталығы болды. Бұл жер барлығын магнитше тартқан мәдени ошақ болды. Жан-жақтан келген жастар осы қалада Сәкен Сейфуллин мұражайына келіп, үлкен рух алатын. Көріп отырғанымыздай, музейдің қазіргі әлеуеті өте жақсы. Дегенмен Сәкеннің 130 жылдық мерейтойына орай ол туралы көптеген деректер табылған болатын. Соған байланысты музей директоры Марат Әбсеметов музейдің ішінен тағы да бір жаңа жәдігерлер қойылатын зал ашылса деген ұсыныс айтып отыр.
Бұл - қолдауға тұрарлық ұсыныс. Осы музейде Сәкенді мемлекеттік қоғам қайраткері ретінде ғана танысақ, енді оның шығармашылық қырын таныта түсу үшін өзі шығарған әндерін, ойнаған баянын, қобызын қойып, тағы да осы жерді кеңейтсек деген деген ой өте орынды. Біз мұның барлығын қалалық әкімдікте көтереміз. Әрине, қала бюджеті жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Астанамыз қазір донор болды. Бұл мәселелерді шешуге әбден болады деп есептеймін. Өйткені қазаққа «қазақ» деген атауды қайтарып, тұңғыш рет мәселе етіп көтеріп, барлық құжаттарға ресми түрде жаздырған сан қырлы тұлғаға осы ісі үшін ғана еліміздің төрт бұрышынан үлкен ескерткіш орнатуға болады деп ойлаймын», - деген пікірін айтты Зулфухар Ғайыпов.
Қоғамдық кеңес мүшелері келесі кезекте ҚР Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери-тарихи мұражайларының жұмысымен танысты. Келушілерді қарсы алған орталық басшысы орынбасары, Әскери-тарихи музейдің бастығы Дәулет Қадыров мәдени орынның екі қабатында орналасқан тарихи жәдігерлерді көрсетті.
«Бүгін Астана қаласы Қоғамдық кеңес мүшелері мониторинг есебіндe музейлердің жағдайларын тексеріп жатырмыз. Әрі қарай қалай жасақтау керек, қанша қаржы бөліну керек, қандай жәдігерлер жасалуы керек – осының барлығын қарастырамыз. Хаттама толтырылған соң қоғамдық кеңес талқылап, мәселелерді қалалық әкімдік назарына ұсынатын боламыз. Сәкен Сейфуллин музейінде де біраз жаңартылатын нәрселер бар екен. Өйткені қазір ғалымдардың зерттеулеріне байланысты жаңалықтар ашылып отыр. Қазақ тарихының 7 томдығы шығып жатыр, басқа да еңбектер архив материалдарына байланысты жарық көріп жатыр. Сондықтан бұл дүниелердің барлығы мұражайда тұруы керек, ел танысу керек. Әскери музейде де қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірлері айтылды. Мәселен, кеңес төрағасы осы Ақмола облысының тумасы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Талғат Бигелдиновке арнайы зал болса деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ келешек әскерімізге үлгі болу үшін мықты ғарышкерлеріміз, генералдарымыз, әскери тұлғаларымыздың жүрген жолдары, атқарған жұмыстары медиастудияда фильм ретінде жазылып алынса деген сияқты жақсы ойлар айтылды. Менің ойымша, олардың алды соғысты көрген, кейінгісі Кеңес Үкіметі кезінде әскери құрамды көрген, тәжірибеге бай, сондықтан олардың өнегесі Қазақстанның әскери құрамы үшін, Тәуелсіз еліміз үшін қажет деп ойлаймын», - деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, Қоғамдық кеңес мүшесі Серікзат Дүйсенғазы.
Музейлерді аралау барысында Астана қаласы әкімдігінің «Біріккен мұражайлар дирекциясы» МКҚК директоры Сергей Солодовников те мұржайларды дамыту туралы пікірін айтқан болатын.
«Бізде бірнеше музей бар. Өкінішке қарай «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені апаттық жағдайда, қазір істемейді. Бірақ сондай парк форматындағы музейді ашу қажеттілігі бар. Қазір бетке ұстар музейдің ішінде Сәкен Сейфуллин музейі қалды. Қала күніне орай ұлттық өнер мұражайын ашуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса елордамызда өлкетану, жаратылыстану музейі болса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір жастар ескі құжаттарды оқымайды, олар барлық нәрсені көзбен көруі керек. Ол үшін мультимедиалық форматты қолданған жөн. Сондықтан қала әкімдігінен музей ісінің дамуына назар аударуды сұраймын. Бұл - тарих қана емес, бұл – туризм де. Егер музейді дамытпасақ, қонақтарға көрсететін ештеңе болмайды», - деген ойын айтты Сергей Солодовников.
Айта кетейік, Қоғамдық кеңестің мониторинг жұмысы бұдан басқа бағыттарда жалғасын таппақ.