Астанада 87 жастағы тұрғын немересімен бірге сайлауға келді
Астана тұрғыны, 87 жастағы Рауза Ысқақова 315 сайлау учаскесіне баласы, келіні және немересімен бірге келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Рауза апа сайлауға қатысу – ел болашағы үшін маңызды екенін айтып, Қазақстанның алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттің бірі боларына сенім білдірді.
«Бүгін көпшілік дауыс беріп жатыр. Ол дұрыс. Еліміз алдыңғы қатарлы дамыған ел боларына сенемін. Бүгінгі сайлауымызды жақсы өткізсек, өте жақсы болады деп ойлаймын. Еліміз аман, тыныш болсын. Үкімет пен халық аман болып, жақсылыққа кенеле берейік», – деді Рауза Ысқақова.

Ол жастардың болашағына да тілегін білдіріп, елдің одан әрі өркендей түсуін қалайтынын айтты.
«Елімізді алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көргім келеді. Біз қазір соған келе жатырмыз. Жастардың келешегі жарқын болсын», – деді Рауза апа.
Сондай-ақ Рауза Ысқақованың немересі Ажар бүгін алғаш рет дауыс берді. Алғашқы рет сайлауға қатысқан жас сайлаушыға арнайы сыйлық табысталды.

Осылайша бір отбасының үш буыны сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық таңдауын жасады.