Президент Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек екенін айтты
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте 24kz телеарнасының тілшісі Рауль Ғабитовтің сұрағына жауап берді, хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ», - деді Президент.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Президент лауазымына қайта сайлану құқығы туралы сұраққа жауап берген болатын.