Күн сайын 2 мыңнан астам астаналық елорданың кітапханаларына барады
Астанада кітапхана оқырмандарының қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр елорда кітапханаларына 91 мың оқырман тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 85 мыңға жуық болған. Осылайша, оқырмандар саны бір жылда 7 пайызға өскен, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар кітапханаларға жыл сайын келушілердің жалпы саны 900 мыңға жетті. Осылайша, елордалық кітапханалар күніне орта есеппен 2,5 мыңға жуық келушіні қабылдайды. 2026 жылы қалалық кітапханалар желісінің тұрақты оқырмандарының санын 100 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр.
2023 жылдан бастап қалада кітапхана инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жүргізілуде. 2023-2025 жылдары жұмыс істеп тұрған 18 кітапхана жаңғыртылып, 7 жаңа бұқаралық және балалар кітапханасы ашылды. Нәтижесінде мекеме желісі 18-ден 25 кітапханаға дейін өсті.
- Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ құрылымына Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана, Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасы, 14 бұқаралық кітапхана, 8 балалар кітапханасы және зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана кіреді. Жалпы кітап қоры шамамен 900 мың дананы құрайды», – дейді Астана қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» басшысы Гүлбадам Мәдібаева.

Гүлбадам Сақтапқызының айтуынша кітапханалардың сыртқы келбетін ғана емес, олардың қызметінің мазмұнын да өзгерген. Жаңартылған кітапханалар көпфункционалды мәдени-білім беру кеңістігі ретінде жұмыс істейді. Онда заманауи оқу залдары, коворкинг-аймақтар, интерактивті және мультимедиялық алаңдар, жеке және топтық жұмыс, балалар мен жастарды оқыту және шығармашылық дамыту үшін арнайы орындар белгіленген. Кітапханаға келушілерге интернет, электрондық ресурстарға және ақпараттық-библиографиялық қызметтер алу үшін барлық жағдай қарастырылған.
– Оқырман үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Оқуды ілгерілетуге, ұлттық мәдени мұраны сақтауға, қазақ әдебиетін, тарихын және мемлекеттік тілін дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді. Әдеби кездесулер, кітап көрмелері, пікірталас алаңдары, зияткерлік ойындар, шығармашылық сабақтар, кәсіптік бағдарлау іс-шаралары және медиа сауаттылықты дамыту бойынша жобалар өткізіледі. Ұлттық кітап күні, KitapFest, «Абай оқулары», «Бір ел – біркітап», «Менің Қолтаңбам», «Жұлдызды қітапханашы», «Ертегі – ел ертеңі» жобалары да іске асуда. Сонымен қатар кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін жұмыс режимі ұзартылды. Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана 23:00-ге дейін, Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы 21:00-ге дейін жұмыс істейді, – деді кітапхана басшысы.
Ізденімпаз оқырмандардың қатары толығып, елорда кітапханаларына деген сұраныс артып келеді.