Астанада өңірлік жастар ресурстық орталықтарының басшыларына арналған «Кәсіби даму академиясы» оқу семинар-тренингінің екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Академияның басты мақсаты – жастар саясаты саласындағы мамандардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту, кәсіби білігін арттыру және жастармен жұмыстың тиімді тәсілдерін үйрету.
Оқу бағдарламасы аясында қатысушылар «Команданы басқару және шешім қабылдау», «Әлеуметтік жобалау» және «Инклюзивті тәсілдер» бағыттары бойынша білімін жетілдіреді. Сабақтарды осы салалардың білікті мамандары мен тәжірибелі тренерлері жүргізеді.
Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын іске асыратын 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның 17-сі облыстық, 37-сі қалалық, 181-і аудандық деңгейде қызмет көрсетеді. Орталықтар жастарға ақпараттық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау білдіреді. Сондай-ақ олардың бастамаларын жүзеге асыруына жағдай жасайды.
«Кәсіби даму академиясы» жобасын 2021 жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырып келеді.