Абайдың 180 жылдығы: Елордада 5 мыңға жуық оқушы «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады

Бүгін, 14:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Абайдың 180 жылдығы: Елордада 5 мыңға жуық оқушы «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Ұлы ақын Абайдың 180 жылдығына орай Астана қаласындағы №101 орта мектепте елорданың 5 мыңға жуық оқушысы «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірге орындады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Рухани іс-шараның мақсаты – қазақстандықтарды Абай Құнанбайұлының мерейтойымен құттықтап, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау.

Бұл іс-шараға елордадағы №17, 45, 59, 71, 78, 79, 87, 89, 90, 97, 99, 100, 101, 111 мектептерінің оқушылары, сондай-ақ №1 балалар музыка мектебі, Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебі, Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі, Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебі, №2 балалар өнер мектебі және Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысып, ақынның танымал әнін асқақтата шырқады.

Бес мыңға жуық оқушының бәрі «Абай – 180 жыл» деген жазуы бар футболка киіп, әнді орындап біткен кезде қолдарына ұстаған көк қағаздарды жоғары көтеру арқылы, жоғарыдан қарағанда көрінетіндей етіп, «Абай» деген жазуды шығарды.

Еске сала кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері өткізілдi. Білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда 140-тан астам түрлі шара ұйымдастырылды.