Қазақстанда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған шетелдіктерге іздестіру жарияланды

Қазақстанда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған шетелдіктерге іздестіру жарияланды
Фото: ҚМА

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінгендерге іздестіру жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.

55 жастағы Америка Құрама Штаттарының азаматы Дмитры Дружинскы, 40 жастағы Украина азаматы Марина Левковичке сот санкциясымен сырттай «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу барысында шетелден бір топ адам компаниялар желісі арқылы «PIN-UP» және «PINCO» брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін ұйымдастырып, басқарғаны анықталды.

Д.Дружинскы мен М.Левкович координаторлық жасап, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен келісіп, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен инфрақұрылым құрған.  Заңсыз қызметті бүркемелеу үшін «PIN-UP.KZ» брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған «Бонами» ЖШС заңды тұлғасы құрылған.

Онлайн казиноның төлем агрегаторы функциясын атқарған «Gold Pay» ЖШС мен «Cyber Pay» ЖШС (кейіннен — «Pinnacle Financial Solutions» ЖШС) төлем ұйымдары тіркелді. Онлайн казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шотта жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған.

Еске салсақ, халықаралық іздеу жарияланған танымал блогер Қайсар Қамза заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілікті.