Астанада туристік полиция қытайлық туристерге көмек көрсетті
10 тамызда Қытайдан Астанаға алғаш рет келген бір топ турист елорда ішінде көлікпен келе жатқанда, дөңгелегі жарылып, жолын жалғастыра алмай қалған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Осы кезде олар жол бойынан полиция қызметкерін байқап, көмек сұраған. Туристік полиция инспекторы Жалғас Жақыпов шетелдік қонақтарға бірден қолдау көрсеткен.
«Туристердің елордаға алғаш рет келгенін білген полицей олармен қытай тілінде сөйлесіп, Астананың көрікті жерлері мен танымал сәулет нысандары туралы айтып берді. Сондай-ақ қалада қай жерлерге барған жөн екенін түсіндірді», - делінген хабарламада.
Көрсетілген көмекке риза болған туристер полиция қызметкеріне алғыстарын білдірді. Әсіресе инспектордың қытай тілінде еркін сөйлесіп, жолды түсіндіруі және көлік мәселесін шешуге көмектесуі шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырған.
Олардың айтуынша, осындай қарапайым көмек Қазақстан туралы жағымды әсер қалыптастырады.
Еске салсақ, Астаналық полицей автобуста кәмпитке қақалған сәбидің өмірін құтқарды.