Астанадағы Ататүрік саябағында тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша рейд өтті
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы Ататүрік саябағында тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында кезекті рейд өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордада тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтер тұрақты түрде өткізіледі. Бұл ретте абаттандыру талаптарының сақталуына және қоғамдық орындардың тазалығына ерекше мән беріледі.

«Байқоңыр» ауданында мұндай профилактикалық рейдтер тұрақты түрде өткізіледі. Біздің міндетіміз – абаттандыру талаптарының сақталуын бақылаумен қатар, тұрғындардың қоғамдық орындарға деген жауапкершілігін арттыру. Саябақтар, гүлзарлар және басқа да демалыс орындары қала тұрғындары үшін таза, қауіпсіз әрі жайлы болуы керек. Сондықтан әрбір тұрғын қоршаған ортаға ұқыпты қарап, белгіленген талаптарды сақтауы маңызды», – деді «Байқоңыр» ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбеков.

Елорда тұрғындары да мұндай шаралардың қаладағы демалыс орындарының қолайлы әрі жайлы болуына ықпал ететінін атап өтті.
«Қала тұрғыны ретінде мұндай шаралар қажет деп санаймын. Саябақтарға күн сайын баласын жетектеген отбасылар, жастар мен егде жастағы адамдар демалуға келеді. Сондықтан мұнда тазалық пен тәртіптің сақталғаны маңызды. Әр адам қоғамдық орындарға ұқыпты қарап, артынан қоқыс қалдырмауы керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны.
Қоғамдық орындардағы профилактикалық рейдтер қаланың барлық алты ауданында жалғасын табады. Негізгі мақсат – заң бұзушылықтардың алдын алып, оларды анықтау ғана емес, сонымен қатар қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеп, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау.
Еске сала кетейік, Астанада ойын-сауық мекемесінен сатуға дайын «шарлар» тәркіленді.