Астанада NEET жастар қысқа мерзімде жаңа мамандық меңгеріп жатыр
Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында болса, оқымайтын әрі жұмыс істемейтін NEET жастардың үлесі 5–6 пайыз аралығында. Бұл еңбек нарығына бейімделуді қажет ететін жастардың бар екенін көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Осындай жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік білім беру бағдарламалары азаматтарға жаңа мамандық игеріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – JOLTAP жобасы.
Жобаның басты ерекшелігі – теориядан гөрі практикалық оқуға басымдық берілуі. JOLTAP аясында еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес 18 бағыт бойынша тегін білім беріледі. Оның 12-сі жұмысшы мамандықтарға, ал 6-уы цифрлық бағыттарға арналған.
Оқу ұзақтығы таңдалған мамандыққа қарай 5 күннен 22 күнге дейін созылады. Сабақтардың 80 пайызы практикалық дайындыққа бағытталған. Оқу бағдарламаларын өндірістік тәжірибесі бар мамандар жүргізеді.
«Жоба ең алдымен жұмыссыз азаматтарға, тұрақсыз табыс табатын адамдарға, NEET санатындағы жастарға, көпбалалы аналарға, әлеуметтік осал топтарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, қандастарға және оқуын жаңа аяқтаған түлектерге бағытталған. Сонымен қатар жобаға Астана агломерациясына кіретін Қосшы, Қоянды, Талапкер, Үркер және басқа да елді мекендердің тұрғындары қатыса алады», - деді жоба өкілдері.
Жоба қатысушыларының арасында дәстүрлі кәсіптерді меңгеріп жатқан азаматтар да бар. Мәселен, «Аяқ киімді жөндеу және кілт жасау» курсының тыңдаушысы Дидар оқуын аяқтағаннан кейін жеке шеберхана ашуды жоспарлап отыр. Ал «Сату менеджері» курсын тәмамдаған Ақниет бүгінде жеке компанияда жұмыс істеп, кәсіпкерлермен байланыс орнатумен айналысады.
Жоба өкілдерінің айтуынша, мұндай мысалдар қысқа мерзімді кәсіптік оқудың азаматтардың еңбек нарығына шығуына нақты мүмкіндік беретінін көрсетеді.