Астанада 105 млрд теңгеден астам инвестициялық жобалар қаралды
Астанада өткен кезекті инвестштаб отырысында жалпы инвестиция көлемі 105 млрд теңгеден асатын бірқатар жоба қаралды. Оларды іске асыру нәтижесінде елордада шамамен 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Астана – қарқынды дамып келе жатқан, жаңа жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік беретін қала. Елорда өскен сайын жаңа әлеуметтік нысандарға, заманауи инфрақұрылымға, жұмыс орындарына және сапалы қалалық қызметтерге деген сұраныс та артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыста жеке инвестицияларды тарту маңызды рөл атқарады.
Кезекті инвестштаб отырысында бірқатар жобаны қарадық. Олардың қатарында Қазақ интегративті медицина институтын салу жобасы бар», - деді елорда әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, логистика саласындағы жобаларды, оның ішінде ауданы 150 мың шаршы метр логистикалық хаб пен 20 мың шаршы метр логистикалық орталық салу жобалары қарастырылған. Өнеркәсіп саласында жылына 1 мың бірлікке дейін өнім шығаратын суару жабдықтарын өндіру кластерін құру жобасы ұсынылған.

«Жобаларды №2 Индустриялық парктің пулына енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жылына 80 мың тонна минералды мақта плиталарын өндіретін зауыт, сондай-ақ баламалы энергия көздері бар көлік құралдарын шығаратын, жылдық өндірістік қуаты 25 мың автокөлікті құрайтын кәсіпорын салу жобалары бар.
Ұсынылған жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 105 млрд теңгеден асады. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады», - деді Ж.Қасымбек.