Референдум-2026

Жастардың құқықтық сауатын арттып, көшбасшылыққа дайындаймыз – Аян Сәлімгереев

Бүгін, 09:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жастардың құқықтық сауатын арттып, көшбасшылыққа дайындаймыз – Аян Сәлімгереев
Фото: Аян Сәлімгереевтің жеке архивінен

Жастар қандай Қазақстанда өмір сүргісі келеді десек, ең алдымен, тұрақты, әділетті, мүмкіндігі мол, заманауи елді қалайды. Білім алса – сол білімін елде қолдана алатын, еңбек етсе – еңбегі лайықты бағаланатын, кәсіп бастаса – оған жағдай жасалатын, өз пікірін ашық білдіре алатын қоғамды қалайды. ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Аян Сәлімгереев аталған кеңестің мақсатты бағдары да осы пікірімен үндесетінін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Біздің «Келешек» жастар кеңесінің жұмысы да осы түсініктен басталады. Біздің стратегиямыздың негізгі ұстанымы – «Жастар – болашақ емес, бүгінгі күн». Өйткені жастарды үнемі «ертең ел басқаратын буын» деп қарау жеткіліксіз. Жастар қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді. Сондықтан олардың дауысы мен бастамасы бүгін естілуі керек.

Бүгінде Қазақстан кәсіподақтарында 35 жасқа дейінгі 440 мыңға жуық жас бар. Бұл – үлкен күш әрі үлкен жауапкершілік. Біздің 2025–2030 жылдарға арналған стратегиямызда жастардың кәсіподақтағы үлесін арттыру ғана емес, олардың басқару органдарына, шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуына жағдай жасау көзделген. Біз жастардың кәсіподақтың жұмысына сырттан қарап тұратын адам емес, оның дамуына тікелей ықпал ететін тұлға болғанын қалаймыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, «Келешек» жастар кеңесіне әртүрлі салаларда еңбек етіп жүрген жастар кіреді. Араларында білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, энергетика, көлік және басқа да салалардың жас мамандары бар. Мақсат біреу - еңбек адамының құқығын қорғау.

«Қазір біз жастардың еңбек құқықтары бойынша білімін арттыруға, жас кәсіподақ көшбасшыларын даярлауға, коммуникация, көпшілік алдында сөйлеу, келіссөз жүргізу сияқты дағдыларды дамытуға көңіл бөліп отырмыз. Сонымен бірге цифрландыру, жасанды интеллект және болашақтың еңбек нарығы мәселесіне ерекше мән береміз. Өйткені біз ертеңгі еңбек нарығы бүгінгіден өзгеше болатынын түсінеміз. Кейбір мамандықтар өзгереді, жаңа кәсіптер пайда болады, жасанды интеллект көптеген процестерге енеді. Сондықтан жастар осы өзгерістерге дайын болуы керек. Осындай мәселелерді біз қазірден бастап талқылауымыз керек», - дейді Аян Сәкенұлы.

Жастар кеңесінің төрағасы бүгінгі жастардың белсенділігіне қатысты да өзіндік ойын ортаға салды.

«Жастардың елдегі саяси және қоғамдық процестерге қатысуына келсек, мен жастарды белсенді емес деп айта алмаймын. Керісінше, жастардың қызығушылығы бар. Егер жастар өз пікірі ескерілетінін және оның саяси науқанға қатысуы нақты өзгеріске әсер ететінін сезсе, ол процеске белсенді араласады деп ойлаймын.

Мысалы, биылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум да жастар үшін маңызды тәжірибе болды. Меніңше, мұндай процестерде ең бастысы – адамның қандай таңдау жасағаны ғана емес, сол таңдауды қаншалықты саналы түрде жасағаны маңызды. Әр азамат ақпаратты оқып, мәселені түсініп, әртүрлі пікірді саралап барып өз шешімін қабылдауы керек. Біз жастарға да дәл осы мәдениетті қалыптастыруымыз қажет.

Алда Құрылтай депутаттарының сайлауы тұр. Бұл жерде жастардың рөлі өте маңызды. Жастар тек сайлаушы ретінде ғана емес, қоғамдық бақылауға қатысушы, ерікті, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына атсалысушы ретінде де өз үлесін қоса алады. Ең бастысы – шет қалмау. Сайлауға қатысу – тек дауыс беру емес, ол өз елінің болашағына деген азаматтық жауапкершілікті сезіну.

Кеңестің бұл бағыттағы ұстанымы да осы: жастардың құқықтық және азаматтық сауатын арттыру, сайлау процесін түсіндіру, өз құқықтарын білуіне және өз таңдауын саналы түрде жасауына жағдай жасау», - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы бастамасы бойынша атқарылған іс-шаралар туралы жаздық.