Референдум-2026

Жастар қоғамдағы оң өзгерістердің белсенді қатысушысы болуға ұмтылып отыр - Балжан Қолғанат

Бүгін, 08:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жастар қоғамдағы оң өзгерістердің белсенді қатысушысы болуға ұмтылып отыр - Балжан Қолғанат
Фото: Балжан Қолғанаттың жеке архивінен

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы – елордадағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыратын уәкілетті орган. Мұнда жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, олардың бастамасымен ел мен елорданың саяси-әлеуметтік дамуына бағытталған көптеген жобалар сәтті жүзеге асылып жатыр. Жастар күні қарсаңында аталған бастамалар туралы басқарманың ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы Балжан Қолғанат айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Оның айтуынша, басқарманың негізгі мақсаты – жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, азаматтық белсенділігіне, еріктілік қызметке қатысуына, құқықтық мәдениеті мен салауатты өмір салтын қалыптастыруына қолдау көрсету.

Бүгінде елордада 14 пен 34 жас аралығындағы 516 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – қала халқының үштен біріне жуығы. Сондықтан жастармен жұмыс біздің қызметіміздің негізгі басымдықтарының бірі.

«Басқарма жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік бағдар беру, цифрлық және еңбек дағдыларын дамыту, отбасы институтын нығайту, әскери-патриоттық тәрбие, еріктілік қозғалысын қолдау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағыттарында жүйелі жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, «JASYL EL», «JOLTAP», «Отбасы – бақыт мекені», «Жас сарбаз», «Esirtkisiz Elorda» және волонтерлік қозғалысты дамыту жобалары жастардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған.

Жастар экологиялық бастамаларға да белсенді қатысып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында елордалық жастар қаланы абаттандыру, саябақтарды тазалау, ағаш отырғызу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға атсалысты. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету шеңберінде құқықтық сауаттылықты арттыру, интернет-алаяқтық, лудомания және нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда», - дейді ол. 

Балжан Ғалымжанқызы Конституциялық реформаға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да жастар белсенді қатысып, өздерінің қоғамдық мәселелерге жауапкершілікпен қарайтынын көрсеткенін айтады. Сонымен қатар, алдағы келе жатқан Құрылтай сайлауына да жауапкершілікпен қарайтындарына кәміл сенеді. Оның пайымдауынша, қазіргі жастар елдің дамуына үлес қосуға, білім мен кәсіби біліктілігін арттыруға, инновация мен технологияны игеруге және қоғамдағы оң өзгерістердің белсенді қатысушысы болуға ұмтылып отыр. 

Ал Халықаралық жастар күніне орай Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 4–12 тамыз аралығында «ASTANA JASTAR WEEK» апталығы өтпек. 

«Оның аясында «Taza Qazaqstan» экологиялық күні, Enbek жұмысшы мамандықтары күні, Densaulyk спорт күні, Adal Azamat құқық күні, цифрландыру және жасанды интеллект күні (Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына экскурсия), Jas sarbaz патриотизм күні (BATYRLAR әскери-патриоттық орталығына бару), «ENU JASTARY» шығармашылық байқауы және қорытынды JASTAR DAY жастар фестивалі ұйымдастырылды.

Мен жастарды Халықаралық жастар күні мерекесімен құттықтай отырып, олардың әрқайсысына білімге ұмтылыс, еңбекқорлық, белсенділік және туған елдің өркендеуіне үлес қосудағы талпыныстарына табыс тілейміз. Жастардың бастамашылдығы мен жауапкершілігі – Астананың да, Қазақстанның да жарқын болашағының негізі», - дейді спикер.