Референдум-2026

Үш жылда су саласындағы аяқталмаған жобалар саны екі есеге жуық қысқарды

Бүгін, 12:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Үш жылда су саласындағы аяқталмаған жобалар саны екі есеге жуық қысқарды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша ұзақ жылдар бойы аяқталмай келе жатқан жобалардың саны 47%-ға, яғни екі есеге жуық қысқарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020-2022 жылдары Су шаруашылығы комитетінің балансында ұзақ жылдар бойы іске асырылмаған 19 жоба болған. Олардың аяқталу мерзімі жұмыстардың толық орындалмауы, жобалау-сметалық құжатты түзету қажеттілігі, сот процестері және басқа да себептерге байланысты созылып кеткен.

Комитет бекіткен «Гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша ұзақ жылдар бойы аяқталмаған жобаларды аяқтау алгоритмі» аясында кезең-кезеңімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мұндай жобалардың саны 19-дан 10-ға дейін қысқартылды.

Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Су шаруашылығы комитеті 2020 жылы тоқтатылған Қызылорда гидроторабын реконструкциялау жобасын аяқтады. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жезқазған қаласындағы Есқұла су құбырын салу жобасы аяқталды.

Қалған 10 жобаны алдағы екі жыл ішінде аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы Сүмбе өзеніндегі су алу құрылысын реконструкциялау, Ақмола облысындағы Преображенский гидроторабы мен Сілеті су қоймасын реконструкциялау, Абай облысындағы Қусақ өзеніндегі гидроторапты реконструкциялау, сондай-ақ Қызылорда сол жағалауы магистральдық каналының гидротехникалық құрылыстарын, Түркістан облысындағы Қызылқұм магистральдық каналы мен К-26, К-28 және К-30 каналдарын реконструкциялау жобалары бар.

«Жалпы, министрлік құрылғаннан бергі үш жыл ішінде су шаруашылығын басқарудың фрагментті тәсілінен су қауіпсіздігі саласындағы кешенді мемлекеттік саясатқа көшу жүзеге асырылды. Осылайша, жеке министрліктің құрылуы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту қарқынын едәуір жеделдетуге, суды пайдалану бойынша бақылауды күшейтуге, су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын арттыруға және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.