Блогер Қайсар Қамза заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген
Халықаралық іздеу жарияланған танымал блогер Қайсар Қамза заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының азаматы 1995 жылғы Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жариялады. Сот оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінді.
Күдікті 5 жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған», - делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, күдікті әлеуметтік желідегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, қазақстандықтар азаматтары үшін «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.
«Осылайша, Қ.Б. Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған. Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған. Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды. Егер Сізге іздеуде жүрген тұлғаның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 – кезекші бөлім», - делінген ҚМА хабарламасында.
Ал іздеу жарияланған блогер Қайсар Қамза әлеуметтік желіде өзіне қатысты пікір білдірді.
«Кімнің ала жібін аттап кеттім? Ел болып, барлық жұмысты ысырып қойып іздейтіндей қылмыскер емес сияқты едім», - деген еді блогер.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын ұлының еміне деп халықтан 1,4 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты 7 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған болатынбыз.