Референдум-2026

Елордада белсенді жастар әскери-патриоттық экспозициялар мен құнды жәдігерлерді тамашалады

Елордада белсенді жастар әскери-патриоттық экспозициялар мен құнды жәдігерлерді тамашалады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Жастар күніне орай «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділері ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына экскурсия жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Экскурсия барысында жастар орталықтың тарихымен танысып, әскери-патриоттық бағыттағы экспозициялар мен құнды жәдігерлерді тамашалады. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу тарихы мен әскери қызметтің маңызы туралы ақпарат алды.

«Жастардың ел тарихын танып, әскери-патриоттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Бүгінгі экскурсия барысында олардың қызығушылығы мен белсенділігін көрдік. Осындай тағылымды кездесулер Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді. Жастар – еліміздің белсенді күші. Сондықтан олардың білімді, отансүйгіш әрі елжанды азамат болып қалыптасуына бірге үлес қосуымыз қажет», – деді «Жас сарбаз» қозғалысының Астана қалалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет.

Еске сала кетсек, елорда жастары Құрылтай сайлауы қарсаңында ауқымды акция өткізді.