Референдум-2026

Даркнетте қазақстандықтардың дербес деректері жарияланды: Тексеру жүргізіліп жатыр

Даркнетте қазақстандықтардың дербес деректері жарияланды: Тексеру жүргізіліп жатыр
Фото: freepik.com

Министрлік Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпараттан хабардар, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ.

Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, техникалық тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.

Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады. SMS кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және түрлі сервис үшін түрлі парольдерді пайдалану.