Бас штаб бастығы елордадағы әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігін тексерді
Ақмола өңірлік гарнизонына қарасты 68665 әскери бөлімін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ол әскери бөлімде қызметті ұйымдастыру барысымен танысып, жеке құрамның дайындық деңгейін, қару-жарақ пен әскери техниканың, сондай-ақ әскери киім-кешек пен жабдықтардың жай-күйін тексерді. Сонымен қатар қызметтік құжаттаманың жүргізілуіне назар аударды.

Әсіресе жаңа бөлімшелердің жауынгерлік әзірлік деңгейіне, олардың жасақталуына, әскери қызметшілердің іс-қимыл үйлесімділігіне және қойылған міндеттерді жедел орындау қабілетіне ерекше көңіл бөлінді.
– Тексеру барысында жеке құрамның дайындық деңгейі, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйі, сондай-ақ қызметті ұйымдастыру барысы бағаланды. Әскери қызметшілердің жақсы дайындықтан өтіп, үйлесімді әрекет етуі және қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға дайын болуы маңызды, – деді генерал-лейтенант Қ. Әбубәкіров.

Тексеру қорытындысы бойынша Бас штаб бастығы әскери бөлімнің басшылығына жеке құрамның даярлығын одан әрі жетілдіру, қару-жарақ пен әскери техниканы тұрақты жауынгерлік әзірлікте ұстау, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын аяқтау бойынша басым міндеттерді белгіледі.
Еске сала кетейік, әскери-инженерлік институт курсанттары Shaiqas-2026 чемпионатының финалына қатысады.