Референдум-2026

Жастар күні: «Жас сарбаз» қозғалысы елорда жастарын қалай тәрбиелеп жатыр

Бүгін, 11:21
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жастар күні: «Жас сарбаз» қозғалысы елорда жастарын қалай тәрбиелеп жатыр
Фото: Айдархан Маханбеттің жеке мұрағаты

Бүгін – Халықаралық жастар күні. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісіне «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет елордадағы әскери-патриоттық тәрбиенің жай-күйі, жастардың әскери қызметке қызығушылығы туралы және қозғалыстың алдағы жоспарлары туралы айтып берді.  

- Бүгінде «Жас сарбаз» қозғалысына Астана қаласы бойынша қанша жасөспірім қатысады?

«Жас сарбаз» қозғалысы елордадағы балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен дамып келеді. Астанада қозғалыстың тәрбиеленушілері мектептер мен колледждерде әскери-патриоттық бағытта білім алып, түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатысады. Қазіргі таңда 2018 жылдан бері елордада 12 мыңға жуық жас сарбаз бар. Жыл сайын 1 500-2 000 бала қосылады. Біздің басты мақсатымыз – баланы тек әскери бағытқа бейімдеу емес, ең алдымен Отанын сүйетін, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары, шыныққан және рухани тұрғыдан мықты азамат етіп тәрбиелеу.

- «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің арасында кейін әскери оқу орындарына түсіп, әскери қызметті таңдағандар көп пе?

Иә, қозғалыс тәрбиеленушілерінің арасында кейін әскери оқу орындарына түсіп, Қарулы күштер қатарында қызмет етуді таңдаған жастар бар. Бұл – біз үшін қозғалыстың нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі. Дегенмен «Жас сарбаздың» мақсаты – барлық баланы міндетті түрде әскери қызметке бағыттау емес. Басты мақсатымыз – жастарға мүмкіндік беру, олардың бойындағы қабілетін ашу және елге қызмет етудің түрлі жолын көрсету. Кейбірі әскери оқу орнын таңдайды, енді бірі азаматтық мамандыққа барады. Бірақ қай саланы таңдаса да, жауапкершілігі жоғары, елін сүйетін азамат болып қалыптасуы – біз үшін басты нәтиже. 

- Жас сарбаздар арасында ерекше қабілетімен немесе жетістігімен көзге түскен жастар бар ма?

Әрине, бар. Қозғалыс тәрбиеленушілерінің арасында спортта, әскери-қолданбалы дайындықта, зияткерлік сайыстарда, робототехникада және шығармашылық бағытта ерекше қабілетін көрсетіп жүрген жастар көп. Соның ішінде Санжар Тәшкенбай бокстан әлем чемпионы. Мысалы, биыл Астанада «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына іріктеу барысында автоматты бөлшектеу және жинау, пневматикалық винтовкадан ату, күш жаттығулары, әскери эстафета, кросс, арқан тарту, зияткерлік конкурс және робототехника сияқты бағыттар бойынша жарыстар өтті. Бұл бізге қазіргі жасөспірімдердің тек физикалық емес, интеллектуалдық және технологиялық бағытта да қабілетті екенін көрсетеді. 

- Қозғалысты дамытуда қандай мәселелер бар және алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

Кез келген ауқымды қозғалыстың өз мәселелері болады. Соның ішінде барлық білім беру ұйымында әскери-патриоттық бағыттағы жұмысты бір деңгейде жүргізу, материалдық-техникалық базаны күшейту, заманауи әскери-технологиялық бағыттарды дамыту және білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелері маңызды. Алдағы уақытта «Жас сарбаздың» жұмысын тек дәстүрлі әскери жаттығулармен шектемей, жаңа форматтармен толықтыру қажет деп санаймыз. Робототехника, дрон технологиялары, алғашқы медициналық көмек, көшбасшылық, командалық жұмыс, цифрлық сауаттылық сияқты бағыттарға басымдық береміз. Сонымен қатар әскери бөлімдерге, әскери оқу орындарына, Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа экскурсияларды, далалық жиындарды, спорттық және зияткерлік жарыстарды көбейту маңызды.

2026 жылы қозғалыстың республикалық деңгейдегі жұмысын қорытындылап, жаңа кезеңге міндеттер белгілеуге арналған оқу-әдістемелік жиын да өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – біз «Жас сарбазды» әскери форма киіп, сап түзейтін ғана қозғалыс ретінде емес, жастардың бойына тәртіп, намыс, жауапкершілік, отансүйгіштік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыратын үлкен тәрбие мектебі ретінде дамытуды көздейміз.

- Сұхбатыңызға рахмет.