Елордада 9 мыңнан астам жас волонтерлікпен айналысады - Шыңғыс Тлеулин
Халықаралық жастар күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тлеулин Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбаттында елорда жастарының бүгінгі жағдайы, волонтерлік және жастарға арналған мүмкіндіктер туралы айтып берді.
- Шыңғыс Маратұлы, бүгінде Астанада қанша жас бар? Олардың басым бөлігі қандай салада жұмыс істейді?
- Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Астанада 14–34 жас аралығындағы 516 022 жас бар. Елорда жастары еңбек нарығының түрлі саласында қызмет етеді. Олардың қатарында білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет, сауда және қызмет көрсету, IT және цифрлық технологиялар, қаржы, құрылыс, кәсіпкерлік, көлік және басқа да салаларда еңбек етіп жүрген жастар бар. Сонымен қатар, жастардың белгілі бір бөлігі әлі білім алып жатқанын ескеру қажет. Атап айтқанда, жастар саясаты аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, 14 жастан асқан мектеп оқушылары, жұмыс істейтін жастар, NEET санатындағы жастар, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жастар сияқты әртүрлі әлеуметтік топпен жұмыс жүргізіледі.
- Жастар ресурстық орталығына жастар көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?
- Жастар ресурстық орталығына жастар көбіне жұмысқа орналасу, волонтерлік қызметке қатысу және аула клубтарына жазылу мәселелері бойынша жүгінеді. Айта кетейік, қазіргі таңда аула клубтарында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі тегін үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Әсіресе әлеуметтік осал және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін бұл мүмкіндіктер қолжетімді. Сонымен қатар 14–35 жас аралығындағы жастар волонтерлік бағытқа қатысып, түрлі қоғамдық іс-шара мен әлеуметтік жобаға атсалыса алады.
- Астаналық жастардың волонтерлікке қызығушылығы қандай?
- Қазіргі уақытта волонтерлік қызметке жастардың қызығушылығы жоғары. Волонтер боламын деген жастардың мақсаты әртүрлі, мысалы, жаңа дос табу, оқуға түсу үшін портфолиосын жаңарту, тәжірибе жинау, түрлі деңгейдегі іс-шараға қатысу мүмкіндігі дегендей. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы құрылған сәттен бастап негізгі бағыттың бірі – волонтерлік қызметті дамыту және жастар арасында әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастыру. 2014 жылдан бастап Волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімі волонтерлік қызметті дамыту және насихаттау, жастар арасынан волонтерлерді тарту және оқыту, сондай-ақ волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарға әкімшілік және ресурстық қолдау көрсету жұмыстарын жүргізіп келеді.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының базасында 2020 жылғы 6 қаңтардан бастап «Волонтер жылы – 2020» аясында Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Сонымен қатар штабтың қызметі 2024–2026 жылдарға арналған Волонтерлікті дамытудың жол картасын іске асыруға бағытталған. Штабтың негізгі мақсаты – волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстардың басын біріктіру, оларға ақпараттық және ресурстық қолдау көрсету, қаладағы волонтерлік іс-шараларды есепке алу, ортақ күш-жігерді біріктіру және дербес волонтерлік қозғалыстардың санын арттыру. Қазіргі таңда тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласындағы 4 ҮЕҰ-мен, сондай-ақ елорданың кәсіпорындары мен меценаттарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Штаб құрамында 9 мыңнан астам белсенді волонтер бар. Волонтерлер «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Адреса заботы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem», «StopVandal», «Марафон добрых дел», «TazaQazaqstan», «Есірткісіз қала» сияқты әлеуметтік жобалар мен акцияларға белсенді қатысады. Сонымен қатар волонтерлер республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші және тимлидер ретінде қатысады. Жыл сайын олар халықаралық және республикалық деңгейдегі шамамен 150 іс-шараға атсалысады. Олардың қатарында Азия дзюдо чемпионаты, «ЭКСПО-2017», Азия ойындары, ЕҚЫҰ саммиті, ШЫҰ саммиті, Рим Папасының сапары, «Eurasian Book Fair» және басқа да ірі халықаралық іс-шаралар бар.
- Сіз үшін «заманауи астаналық жас» қандай болуы керек?
- Менің ойымша, заманауи астаналық жас – білімге ұмтылатын, еңбекқор, белсенді және өз мақсатына жауапкершілікпен қарайтын жас. Сонымен қатар қоғамға пайдасын тигізіп, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуі маңызды.
- Жастар күні қарсаңында Астана жастарына қандай тілек айтасыз?
- Барша елорда жастарын Жастар күнімен құттықтаймын! Әрқайсына мықты денсаулық, сәттілік, үлкен мақсат және сол мақсатқа жетуге күш-жігер тілеймін. Армандары орындалып, Астананың дамуына өз үлестерін қоса берсін.
- Сұхбатыңызға рақмет.