Астанада алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қарсы рейд өтті
Астананың Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Рейдті Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты, Мемлекеттік кірістер басқармасы және Полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп өткізді.
Сарыарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ғалия Бердібектің айтуынша, тексеру кезінде кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сатуға қажетті арнайы лицензияларының бар-жоғы қаралды.
Сондай-ақ рейд барысында кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заң талаптары түсіндіріліп, тиісті лицензиясыз сауда жүргізген жағдайда жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.
Учаскелік полиция инспекторы Даниель Абдрахмановтың сөзінше, іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз сауданың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру.
«Профилактикалық рейдтік іс-шара аясында алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заңнама талаптарының сақталуына қатысты сауда нысандары тексерілді. Негізгі мақсат – заңсыз сауданың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне анықталған заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті түсіндіру», – деді Даниель Абдрахманов.
Іс-шара тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеуге және кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталды.
Еске салсақ, Астанадағы Ататүрік саябағында тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша рейд өтті.