Референдум-2026

Қалта ұрлығынан қалай қорғануға болады: полиция кеңесі

Бүгін, 20:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қалта ұрлығынан қалай қорғануға болады: полиция кеңесі
Фото: magnific.com

Қалта ұрлығы – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ санаулы секундта жасалатын қылмыс. Қаскөйге есікті бұзу, құлыпты ашу немесе ұзақ уақыт дайындалу міндетті емес. Кейде оның мақсатына жетуі үшін қоғамдық көліктегі бір сәттік қарбалас, дүкендегі кезек немесе адамның телефонын сыртқы қалтасына салып қоюы жеткілікті, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Көбіне қалта ұрылары адам көп шоғырланған жерлерді таңдайды. Қоғамдық көлік, аялдама, базар, сауда орындары, жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелер – қаскөйлер үшін қолайлы орта.

Мәселен, автобусқа мінген кезде жолаушылардың назары көбіне бос орынға, жол ақысына немесе телефонға ауып кетеді. Ал дәл осы сәтті қаскөй өз пайдасына пайдалануы мүмкін.

Адамдардың бір-біріне тығыз орналасуы, көліктің қозғалысы, аялдамадағы қарбалас – мұның барлығы ұрлықты байқатпай жасауға мүмкіндік береді.

Қылмыскер жәбірленушінің қалтасындағы телефонды немесе әмиянды байқатпай алып, келесі аялдамадан түсіп кетуі мүмкін. Ал жәбірленуші өзінің затынан айырылғанын бірнеше минуттан кейін ғана аңғарады.

Жеке заттарды ұрлықтан қорғау үшін полиция мына сақтық шараларын ескертеді:

- ұялы телефон мен әмиянды киімнің артқы немесе сыртқы қалталарында салмаңыз;

- қоғамдық көлікте сөмкені алдыңызда ұстаңыз;

- адам көп жиналатын жерлерде рюкзакты арқаңызда емес, алдыңызда ұстаған дұрыс;

- сөмкеңіз бен жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз;

- бағалы заттарды көзге түсетін жерде ұстамаңыз;

- айналаңыздағы адамдардың күмәнді әрекеттеріне назар аударыңыз;

- телефонмен сөйлескенде немесе әлеуметтік желілерді пайдаланғанда жеке заттарыңызды бақылаусыз қалдырмаңыз.

Еске сала кетейік, Астанада ойын-сауық мекемесінен сатуға дайын «шарлар» тәркіленді.