Жастар болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің драйвері – Арсланбек Мағзұм
Бүгін Астана қаласы мәслихаты депутаты Арсланбек Мағзұм ел жастарын төл мерекелерімен құттықтап, мемлекетіміз бүгінгі жас буынға зор сенім артып отырғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Қазіргі таңда жастар өте белсенді. Қай саланы алып қарасақ та, жастар сол бағыттағы маңызды бастамалардың басы-қасында жүр. Олар өзгерістердің авангардына айналып келеді. Мемлекет басшысы да жастарға үлкен сенім артып, оларды болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де негізгі драйверлері ретінде қарастырып отыр.
Менің ойымша, қазіргі жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Әсіресе елорда жастары еліміздегі ең белсенді жастардың қатарында. Өйткені жастар саны мен жоғары оқу орындарының шоғырлануы бойынша Астана мен Алматы алдыңғы қатарда тұр. Елорда жастары көптеген халықаралық және республикалық іс-шараларға белсенді қатысып, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Астана – орталық мемлекеттік органдар орналасқан саяси және іскерлік орталық. Мұнда көптеген жас мамандар қызмет атқарады. Сондықтан елорда жастарының қоғамдық-саяси белсенділігі де жоғары деп айтуға толық негіз бар.
Жастар еліміздің саяси және қоғамдық өміріне белсенді араласып қана қоймай, креативті индустрия мен мәдениетті дамытуға да үлкен үлес қосып жүр. Мысалы, Иманбек әлемдік деңгейде танылып, «Грэмми» сыйлығын иеленді. Ал Димаш Құдайберген өзінің ерекше талантымен әлем жұртшылығын мойындатты. Бұл – қазақ жастарының әлеуеті мен мүмкіндігінің жоғары екенін көрсететін жарқын мысалдар. Осындай түрлі салада халықаралық деңгейде жетістікке жетіп жүрген жастарымыз өте көп», - деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді.
«Жастар өз идеяларын ұсынып, мемлекеттік органдармен және қоғам өкілдерімен ашық диалог орната алады. Президенттік жастар кадр резерві, өңірлік жастар кадр резервтері сияқты жобалар жастардың қабілетін танытып, ел басқару ісіне араласуына мүмкіндік беріп отыр.
Сондықтан қазіргі жастарды тек болашақтың үміті деп емес, бүгінгі Қазақстанның дамуына нақты үлес қосып отырған күш ретінде қарастыруымыз керек. Жастардың бастамасы мен белсенділігі – елдің бүгінгі дамуы мен ертеңгі келешегінің маңызды факторы», - деп пікір білдірді ол.
Еске салайық, бұған дейін Кәсіподақтар федерациясы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Аян Сәлімгереевтің жастар туралы айтқан пікірін жарияладық.