Астанада ASTANA SPORT POWER FEST жобасының екінші маусымы басталады
Елордада Спорт күніне орай және «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында ASTANA SPORT POWER FEST жобасының екінші маусымы басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Ашық спорттық жоба 15 тамыздан бастап әр сенбі сайын Орталық саябақта өтеді.
Жобаның алғашқы іс-шарасы 15 тамыз күні сағат 17:00-де Орталық саябақта, Атырау көпірінің маңында ұйымдастырылады.
«ASTANA SPORT POWER FEST – спортты, белсенді өмір салтын және бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған ашық алаң. Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі», - делінген хабарламада.
Жоба аясында әр сенбі сайын сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтарына спорттық және ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады.
Жоба төрт кезеңнен тұрады. Қатысушылар ашық жаттығуларға, спорттық сайыстарға, түрлі байқаулар мен белсенді ойындарға тегін қатыса алады. Сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға жоба демеушілерінен бағалы сыйлықтар мен арнайы жүлделер табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба арқылы жастарды салауатты өмір салтына баулу, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау және есірткісіз қоғам құндылықтарын насихаттау көзделген.
ASTANA SPORT POWER FEST жобасы 15 тамыздан 5 қыркүйекке дейін жалғасады. Іс-шараларға қатысу тегін. Өтетін орны: Орталық саябақ, Атырау көпірінің маңы. Уақыты: әр сенбі сайын сағат 17:00-20:00 аралығы.