Астана жастарына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік бар
Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин елорда жастарын жұмыспен қамту бағытында жүзеге асып жатқан жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Орталық жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жастардың кәсіби құзыреттерін арттыру және еңбек әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
«Орталық тарапынан жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әр тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жәрмеңке аясында студенттерге еңбек нарығындағы өзекті бос жұмыс орындары ұсынылып, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріледі. 2023 жылдан бастап Астана қаласында «JOLTAP» жобасы іске асып келеді. Жоба экономикалық белсенді халықты, оның ішінде 16 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтарды қолдауға, уақытша жұмыссыз жүрген жастардың және халықтың әлеуметтік осал топтарының жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге, сондай-ақ олардың кәсіби дағдылары мен еңбек әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба аясында сұранысқа ие жұмысшы және цифрлық мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылып, оқу нәтижесі бойынша тиісті сертификат беріледі. Қысқа мерзімді оқыту 11 жұмысшы мамандығы бойынша жүзеге асырылады: тігінші (3-разряд); сәнгер -құрастырушы; тігін өндірісінің операторы (3-разряд); бариста; аяқ киімді жөндеу және кілттерді жасау; электргазбен дәнекерлеуші (3-разряд); электромонтаждаушы (2-разряд); корпустық жиһаз жасау негіздері; сату менеджері; Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері; шағын бизнестің есебі мен салық салынуы. Сонымен қатар, 5 цифрлық бағыт бойынша оқыту мүмкіндігі қарастырылған: бизнес үшін чат-боттар; жарнамалық фото және бейнеге арналған нейрожелілер; таргетолог; графикалық дизайн; негізгі цифрлық дағдылар. Жалпы, 2023 жылғы 20 қарашадан 2026 жылғы 23 маусымға дейін жұмысшы және цифрлық мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқуды 20 мың адам аяқтады. Жоба нәтижесінде оқуды аяқтаған азаматтардың 60%-ы жұмысқа орналасқан, 12%-ы фриланс бағытында қызмет атқаруда. Сонымен қатар, 2 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылды, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде», - деді Шыңғыс Тілеулин.
Сондай-ақ 2024 жылдың тамыз айында жоба аясында жұмыс іздеуге арналған «JUMYSTAP» платформасы іске қосылған.
«Қазіргі таңда платформада 37,6 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, оның ішінде 4,8 мың жұмыс беруші және 32,8 мың жұмыс іздеуші бар. Платформада 5,8 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Жоба аясында азаматтарға кеңес беру мақсатында 3 консультациялық пункт жұмыс істейді. Олар Қабанбай батыр даңғылы, 21А, «Asia Park» сауда орталығы, Тәуелсіздік даңғылы, 7, Алматы ауданының әкімдігі, Достық көшесі, 13, Мансап орталығында орналасқан. Сондай-ақ, оқыту, жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алу үшін +7 (707) 221-31-31 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істейді», - деп атап өтті ол.
Елордада жастар саясатын дамыту аясындағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік осал топтардан шыққан балалардың, жасөспірімдер мен жастардың қоғамға сәтті бейімделуіне жағдай жасау, олардың қабілеттерін дамыту, шығармашылық әлеуетін іске асыру, көшбасшылық қасиеттері мен әлеуметтік белсенділігін арттыру.
«Биылдан бастап Астана қаласында 7 «Замандас» жастар коворкингі жұмыс істей бастады. Ондағы 28 үйірме мен секцияға тұрақты түрде 4 500-ден астам бала қатысады. Коворкингтерде тұрақты негізде түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда: тіл үйрету, спорттық, шығармашылық және зияткерлік бағыттар. Сонымен қатар балалар мен жастарға психологтардың кеңесі, жасөспірімдер клубы, жас ата-аналарға арналған «Бақытты отбасы» клубы, репродуктолог дәрігердің және заңгер-кеңесшінің консультациялары ұсынылады. Бұдан бөлек, қала аумағында 8 аула клубтары жұмыс істейді. Олар 1 100-ден астам баланы және жасты, негізінен әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан балалар мен жастарды қамтиды. Аула клубтарында барлығы 50 үйірме мен секция жұмыс істейді. Оның ішінде 26-сы – спорттық, 24-і – шығармашылық бағыттағы үйірмелер», - деді Шыңғыс Тілеулин.