Нұрқадам Әбдреш: Спортпен айналысқан адам зиянды әдеттерден аулақ жүруге тырысады
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың маңызы зор. Тұрақты жаттығу адамды тәртіпке үйретіп қана қоймай, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді. Осы орайда бокстан спорт шебері Нұрқадам Әбдіреш Elordainfo.kz тілшісіне жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына әсер ететін факторлар, оның ағза мен спорттық нәтижеге кері ықпалы және спортшылардың жастарға үлгі болудағы рөлі туралы пікір білдірді.
– Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?
– Менің ойымша, ең басты себептің бірі – достардың әсері, қызығушылық және дұрыс ақпараттың жетіспеуі. Кейбір жастар айналасына еліктеп, оның салдарын толық түсінбей белгілі бір әрекетке баруы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдерге зиянды әдеттердің салдарын ерте жастан түсіндіру маңызды.
– Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?
– Алкоголь ағзаға кері әсер етіп, күш пен төзімділікті төмендетеді. Спортшы үшін бұл өте маңызды. Себебі жоғары деңгейде нәтиже көрсету үшін, жаттығу сапасы мен ағзаның қалпына келуі жақсы болуы керек. Алкоголь бұл процестерге кері әсер етіп, спорттық нәтижені төмендетеді.
– Спортпен айналысу зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?
– Спорт адамды тәртіпке үйретеді және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға көмектеседі. Спортпен тұрақты айналысқан адам өзінің мақсатына жету үшін уақытын дұрыс жоспарлауға тырысады. Сонымен қатар өз ағзасын күтіп, зиянды әдеттерден аулақ болуға ұмтылады.
– Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?
– Спортшылар жастарға ең алдымен өз ісімен жақсы үлгі болуы керек. Жасөспірімдер спортшыларға қарап бой түзейді. Сондықтан спортшы тек жарыста нәтиже көрсетіп қана қоймай, денсаулықтың, тәртіптің және дұрыс өмір салтының маңызын өз әрекеті арқылы көрсетуі қажет.
– Өз тәжірибеңізде спорттың арқасында өмірін жақсы жаққа өзгерткен немесе зиянды әдеттерден алыс жүрген жастарды кездестірдіңіз бе?
– Иә, кездестірдім. Спортпен айналыса бастағаннан кейін өзіне деген сенімі артқан, уақытын пайдалы өткізіп, белгілі бір мақсатқа ұмтылған жастарды көрдім. Олардың арасында зиянды әдеттерден аулақ болып, спортты өмірінің маңызды бөлігіне айналдырғандар бар.
– Егер бір жасөспірім сізден «Неліктен алкогольден бас тарту керек?» деп сұраса, оған ең басты қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен оған: «Денсаулығыңды қазірден бастап қорға. Денің сау болса, армандарыңа жету де оңай болады», – деп айтар едім. Әр адамның болашағы өз таңдауына байланысты. Сондықтан жастайынан дұрыс әдет қалыптастыру маңызды.
- Сұхбатыңызға рахмет!