Header Banner

Қазақстандық онкологтар сүт безін қалпына келтірудің жаңа әдісін қолданды

Қазақстандық онкологтар сүт безін қалпына келтірудің жаңа әдісін қолданды
Фото: ДСМ

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында сүт безін реконструкциялаудың жаңа әдісін қолдану бағдарламасы аяқталды. Бір жарым жыл ішінде хирургтер ісікті алып тастау операциясымен қатар 120-дан астам пациенттің сүт безін қалпына келтірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Шілдеде аталған материал медициналық бұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл оны ғылыми жоба шеңберінен тыс клиникалық тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Сүт безі обыры еліміздегі әйелдердің арасында ең көп таралған онкологиялық ауру болып қала береді. 2025 жылы 5 743 жаңа жағдай тіркелген. Ұлттық скринингтің арқасында ауру ерте кезеңдерде жиі анықтала бастады. Сонымен қатар өлімнің стандартталған көрсеткіші 100 мың әйелге шаққанда 16,6-дан 10,2 жағдайға дейін төмендеді.

Бүгінде дәрігерлердің басты міндеті – ауруды бақылауда ұстаумен қатар, пациенттердің өмір сапасын сақтау. Осы бағыттағы тиімді шешімнің бірі – бір мезгілде реконструкция жасау. Бұл әдіс кезінде ісік алынып, сол операция барысында имплант көмегімен сүт безінің пішіні қалпына келтіріледі.

«Әйел адам үшін емнің қаншалықты сәтті өткені ғана емес, операциядан кейін өзін қалай сезінетіні де маңызды. Бір мезгілде реконструкция жасау ісікті алып тастау мен сүт безін қалпына келтіруді бір хирургиялық араласу аясында орындауға мүмкіндік береді. Бұл – пациентке көрсетілетін кешенді көмектің маңызды бөлігі», – дейді ҰҒОО тері және жұмсақ тіндер ісіктері, реконструктивті хирургия секторының аға ординаторы Бауыржан Әнапия.

Имплантты сенімді бекіту және тіндерге қажетті қолдау көрсету үшін әлемдік тәжірибеде арнайы торлар мен биологиялық матрицалар қолданылады. Алайда олардың импорттық баламалары қымбатқа түседі. Мұндай операциялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында орталық мамандары реконструктивті хирургияға бейімделген отандық коллагенді қаңқаны – жануар текті ацеллюлярлы ксеногендік X-Graft матриксін қолдануды қолға алды. Оны қазақстандық X-Matrix компаниясы өндіреді.