Референдум-2026

Жас археолог Мәди Мырзабай: Елдің ертеңі жастардың қолында

Жас археолог Мәди Мырзабай: Елдің ертеңі жастардың қолында
Фото: Мәди Мырзабайдың жеке мұрағаты

Халықаралық жастар күнінде Elordainfo.kz тілшісі құнды тарихи мұраларды зерттеп жүрген дарынды жас археолог Мәди Мырзабай сұхбаттасты. Жас зерттеуші ізденіс жолындағы қиыншылықтар, археологиялық экспедициялардағы есте қалған сәттері және жастардың ел болашағындағы рөлі туралы сұрақтарға жауап берді.

– Сенің бойыңдағы үнемі ізденуге, жаңа нәрсе білуге деген қызығушылық қайдан пайда болды?

– Жаңа нәрсені білуге ұмтылу, қолға ұстап көріп, жаңа істі байқап көруге деген қызығушылық кез келген адамның табиғатында бар қасиет деп ойлаймын. Алайда көп жағдайда күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, осы жан қалауымызды кейінге ысырып қоямыз. «Ақша табуым керек», «мансапқа сатысыннан өтуім керек», «өзгелерден кем болмауым керек» деген ойлар материалдық қажеттіліктерге көбірек мән беруге итермелейді.

Мен болсам, жастық шағымның күш-қуатын пайдаланып, бойымдағы мүмкіндіктерді рухани әлеуетімді арттыруға, пайдалы ізденістер мен қызығушылықтарға жұмсауға тырысамын. Қолымда тұрған мүмкіндіктің барлығын пайдаланып қалғым келеді. Себебі жастық шақ – адамның өзіне инвестиция жасайтын ең қолайлы кезеңі.

Бұл ұстаным маған ата-әжемнің тәрбиесі арқылы қалыптасты. Ол кісілердің маған сіңірген тәрбиесінің түйіні бір-ақ нәрсеге саяды: айналасына пайдасын тигізе алған адамның өмірінің мазмұны да, мәні де бөлек болады. Ал өзгеге пайда келтіру үшін адам үнемі білуге ұмтылып, ізденіп, өзінің рухани деңгейін көтеруі қажет. Сондықтан мен үшін іздену жай ғана қызығушылық емес, өмір салтына айналған ұстаным.

– Көп кітап оқитыныңды айтып өттің. Кітап оқу сенің ойлау жүйеңді немесе мінезіңді қалай өзгертті?

– Шынымды айтсам, бұрындары кітапты өз қызығушылығыммен көп оқыған емеспін. Көбіне тарихи даталар мен деректерге құрылған кітаптарға қызығатынмын. Ал әдеби шығармаларға аса мән бермейтінмін.

Кейін бір сыныптасымның әдеби кітаптарды көп оқитынын байқап қалдым. Қызығушылығым оянып, одан кітап сұрап алып, өзім де оқып көрдім. Сол кезде әдебиеттің адам ойына қосары, жүрегіне берері мүлде бөлек екенін түсіндім.

Бұған дейін мен үшін кітап көбіне ақпарат көзі болса, әдеби шығарма адамның ішкі әлеміне әсер ететін, өзіңе және айналаңа басқа қырынан қарауға мүмкіндік беретін дүние екенін ұқтым. Бір ғана ақпараттық бағыттағы кітаптармен шектелу өз ой-өрісімнің де белгілі бір деңгейде тұйық болғанын аңғартты.

Содан кейін түрлі жанр мен бағыттағы кітаптарды оқуға ден қойдым. Уақыт өте келе өзгерісті өзімнен байқай бастадым. Тек ойлау жүйем ғана емес, сөйлеу мәнерім, өзімді ұстауым, адамдарға және өмірге деген көзқарасым да өзгере бастады.

Қазір кітапты жай ғана оқып шығуға емес, одан өзіме бір ой түюге тырысамын. Өйткені кейде бір кітап адамның көзқарасын ғана емес, өмірге деген бағытын да өзгертіп жіберуі мүмкін.

– Қоғамдық жұмыстарға, түрлі бастамаға белсенді араласуыңа не түрткі болды?

– Қоғамдық жұмыстарға және өзіндік пайдасы бар бастамаларға қызығушылығым мен сол істерге икемімді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен кезде анық байқадым.

Сол кезде «Егер қолымнан келсе, айналамдағы адамдарға пайдалы болатын іске неге себепкер болмасқа?» деген ой келді. Осыдан кейін ғылыми, зияткерлік және интеллектуалдық бағыттағы жұмыстарды зерттей бастадым. Біртіндеп сол бағыттағы қоғамдық істерге араласып, өзіме қызық салаларды таба түстім.

Меніңше, қоғамға пайда келтіру міндетті түрде үлкен дүниеден басталмайды. Кейде бір адамның бастамасы екінші адамға ой салып, одан кейін бірнеше адамды қозғалысқа келтіруі мүмкін. Сондықтан өзің жасай алатын істі кейінге қалдырмай, шамам жеткенше әрекет етуге тырысамын.

– Археологиялық қазба жұмыстарына қатысып жүрсің. Экспедиция барысында есіңде ерекше қалған, өзің үшін тарихи мәні бар сәттер болды ма?

– Археологиялық қазба жұмыстарының қызығы да, жауапкершілігі де өте көп. Экспедиция кезінде ең есте қалған сәттерім – тарихи-мәдени тұрғыдан аса құнды жәдігерлер табылған кездер.

Өкінішке қарай, олардың кейбірі ғылыми тұрғыдан толық жарияланбағандықтан, нақты не тапқанымызды немесе оның қалай табылғанын әзірге айтып бере алмаймын. Бірақ сол қазбалардың бірінде өте қызықты әрі құнды жәдігерлерге кезіккеніміз есімде.

Лагерьде қолға ұстайтын, ескі чемоданға ұқсас шағын үстел болатын. Қазба жұмыстары басталардан бір күн бұрын сол үстелдің басына жиналып, студенттермен бірге шай іштік. Сол сәтті көрген ағайларымыздың бірі бізге қарап: «Ертең олжалы боласыңдар», – деді.

Біз оның не айтқанын түсінбедік. Ал келесі күні қазба жүргізіп жатқан нысаннан өте құнды жәдігерлер мен ерте кезеңге жататын адам қаңқалары табылды.

Тапқан дүниелерімізді көрген ағайымыз бізге қарап: «Әне, кеше айттым ғой. К. Ақышев аталарыңның үстелінде шай іштіңдер», – деп күліп жіберді.

Сонда ғана әлгі жұпыны көрінетін ескі чемодан-үстелдің атақты археолог, қазақ археология ғылымының негізін қалаушының бірі Кемел Ақышевыің үстелі болғанын білдік.

Археологияның маған ұнайтыны да осында шығар. Біз жерде жатқан жай ғана затты қазып алмаймыз. Біз – сол зат арқылы өткен дәуірдің тынысын, адамдардың тұрмысын, мәдениетін, тарихын қайта тануға тырысамыз. Әрбір табылған жәдігер тарихтың бір бөлшегі.

– Өзіңнен қатар қүрдастарыңа, жастарға қандай кеңес берер едің?

– Ертеңгі күні еліміздің өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең, ешкімнен кем болмай, өз орнын нық табуы – бүгінгі жастардың қолында.

Сондықтан барша жастарыма айтарым – өздеріңе берілген уақыт пен мүмкіндікті бағалай біліңдер. Білім алуға, ізденуге, өнерге, ғылымға ұмтылыңдар. Өздеріңді дамыту арқылы ғана қоғамға пайда келтіре аласыңдар.

Елімізге білімімізбен, өнерімізбен, өнегелі ісімізбен пайда тигізіп, бабаларымыздың аманатына лайық ұрпақ болу бақыты барша жастарымызға бұйырсын.